"ÚSHQOŃYR": ЕЛБАСЫ СПОРТ КЕШЕНІН АШТЫ

Уақыты: 20.06.2019
Оқылды: 1350
Бөлім: САЯСАТ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шамалғандағы «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы өңірдің барша тұрғындарын «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, бой көтерген нысанның жастарды тәрбиелеу және дене шынықтыру ісіндегі маңызын атап өтті.

– Біз бүгін аудандағы бірегей спорт кешенін аштық. Дені саудың – жаны сау. Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан, біз бұл нысанды жастар үшін арнайы салдық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Біздің балалық шағымызда спортпен шұғылдану үшін мұндай жағдай болмады. Ал қазір жастар үшін барлық мүмкіндік бар. Көптеген табысты азаматтар туған ауылы мен аудандарына қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа спорт кешенінде жаттығатындардың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенемін. Менің отбасым және жақындарым осы спорт кешенін арнайы сіздердің игіліктеріңіз үшін салды. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін. Баршаңызды тағы да спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! – деді Елбасы.

Спорт кешенінде бокс, күрес және тренажер залдары, жүзу бассейні, теннис корты, көпфункционалды залдар және басқа да спорт инфрақұрылымдары бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Шамалған ауылы,

Қарасай ауданы