ЕЛБАСЫ: "ХАЛЫҚ ПЕН ПРЕЗИДЕНТ БІРГЕ БОЛУҒА ТИІС"

Уақыты: 21.06.2019
Оқылды: 1329
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Алматыда өткен "Кемеңгерліктің 30 жылы" атты халықаралық-ғылыми тәжірибелік конференцияға қатысты.

Елбасы конференцияда сөйлеген сөзінде еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақстанды дамытуға арналғанын атап өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі ҚР Президентінің ресми сайтында хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті құру жолындағы және егеменді елді қалыптастырудағы қиындықтар туралы айтты. Соның ішінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі ұлттық экономиканың қирауына, этносаралық қақтығыстардың пайда болу қаупіне байланысты жағдай жөнінде айтты.

– Қазақстан демографиялық құлдырау шегінде тұрды. 1989 жылғы халық санағына сәйкес, байырғы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Сол кезеңдегі ауыр экономикалық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жылға қысқарды, туу көрсеткіші бірден төмендеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан көлік қатынастарының теңгерімсіздігі мен экология мәселесі күрделі технологиялық тұрғыдан ең артта қалған республикалардың қатарында болды.

ШЫҢЫРАУДАН - ШЫҢҒА

Аманжол ҚАСАБЕК,

философия ғылымдарының докторы,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың Құрметті профессоры:

- Ел егемендігінің егіз ұғымы деп Елбасын айтар едім. Бұлай толғанудың өзі тебірентіп, кеудеме мақтаныш сезімін ұялатады. Өйткені, Елбасын мемлекет тізгінін алған отыз жыл бұрын біз бодандық бұйдасынан басы босай қоймаған, әлі де тәуелсізбіз деп айта алмаған, экономика тұрмақ, ел болуға екіудай көзқараспен қараған алаңкеуде халық едік.

Сол тұста Кеңес империясыңың қирандыларынан аршып, мемлекетіміздің тізгінін қолға алған парасатты Тұңғыш Президентіміз текті елді тыңға бастады. Отыз жыл ел басқару саласында тер төгіп келеді. Отыз жылда отыз ғасырға жалғасар мәңгілік мұратымызды айқындап, егемен елді әлемдік аренаға жарқырата алып шықты. Кеудемізден күмән сейіліп, кемел келешек тұралы күлбүлтелемей, кесіп пікір сабақтап, кең даладай дарқан кеудемізді қаға шаттана термелейтін күйге жеттік. Ал шекарасы көкжиекке барып тірелер елімізді дамыған 30 мемлекет қатарына жеткізуге талпындыруы, бұл жолда бейбітшіліктің, бірліктің үлкен маңызға ие екенін баса айтуы Елбасы кемеңгерлігін көрсетсе керек.

ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы, Алаштың Ахаңы айтқан 6,5 миллионнан асқан қазақ қазір 10 миллионға көбейді деп риясыз марқаямыз. Міне, осының бәрі егемен елді шыңыраудан шыңға бастаған Елбасымыздың арқасы деп білемін.

УАҚЫТ ДӘЛЕЛДЕГЕН ҰЛЫЛЫҚ

Дүйсенбек НҰРЛАНОВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы АҚШ конгрессмені Крис Кэннон: «Мен жас Қазақстанның дамуын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономикалық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Н.Назарбаевтың саяси көрегендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті», – деген еді.

Біздің Елбасымыздың бүкіл еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан сияқты. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатты емес, алдымен экономиканы қолға алды. Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салды. Егемендіктің алғашқы жылдары елдің сенімі екіұшты еді. Қалалар мен ауылдарды жаппай жұмыссыздық жайлаған. Өндіріс орындары тоқтаған. Қай саланы алсақ та тұралап, ауыр кезеңдерді бастан кешірді.

Бірақ Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды тығырықтан алып шықты. Көрегендік танытты. Оның кемеңгерлігін уақыт өзі дәлелдеді. Кейбір сын айтып, мін таққан қауым уақыт таразысымен санаспай, барлығын аяқасты жасағысы келді. Елбасы ондай асығыстыққа, үстірт шешім шығарып, Жарлық қабылдауға жол бермеді. Бәрін өз ретімен сара жолмен шешті. Білім және ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөлген көреген басшы болды. Елбасы кемеңгер басшы ретінде қызмет атқарған 30 жыл ішінде атап көрсеткен мәселелерді жүзеге асыру үшін ғылыми-практикалық жобалар мен тұжырымдамалар және стратегиялық бағдарламалар құрып, қыруар жұмыстар атқарды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті елімізде қабылданған бағдарламалардың және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған даму стратегиясының жүзеге асырылу нәтижелеріне тоқталды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік даму үдерісіне әсер ететін стратегиялық сын-қатерлердің бірнеше тобын атап көрсетті. Атап айтқанда, қарқынды әрі үздіксіз технологиялық толқын, кезекті индустриялық революцияға байланысты экономикалық парадигманың ауысуы, әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, түрлі сипаттағы жаһандық деңгейдегі қақтығыс.

– Халық пен Президент әрқашан бірге болуға тиіс. Сонда ғана жетістікке жетеміз. Менің аға буын өкілдеріне айтарым, сіздердің даналықтарыңыз жастардың дұрыс жолмен жүруіне, Отанды сүюіне, мемлекетті нығайтуына, Тәуелсіздікті қорғауына және жарқын болашақ үшін еңбек етуіне жәрдемін тигізуі тиіс. Орта буын өкілдеріне айтарым, сіздердің жинаған тәжірибелеріңіз – қиындықтарды еңсеру жолында бәрімізге көмегі тиетін баға жетпес капитал. Ал, жастарымызға айтарым, жақсы өмір сүрудің бір ғана жолы бар – ол еңбек ету. Еліміздің келешек жолын сіздер анықтайсыздар, – деді Елбасы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"