"МАСЫЛДЫҚ ЖАҚСЫЛЫҚ ӘКЕЛМЕЙДІ": ТАБЫСЫН ЖАСЫРҒАНДАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 28.08.2019
Оқылды: 1995
Бөлім: САЯСАТ

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Барлық аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен барлық деңгейдегі депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысқан алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған партияның өңірлік филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ партиялықтарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Күн тәртібінде қаралған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының орталық саяси кеңес отырысының шешімдерін және партияның қайта жаңғырту жұмыстарын жүзеге асыру міндеттеріне байланысты партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев баяндама жасап, Жетісу жерінде атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды. Оның айтуынша, аудандық, қалалық филиалдарда биылғы 8 айдың ішінде 139 саяси кеңес, саяси кеңес бюросы өткізіліп, депутаттық фракция отырыстарында 156 ұсыныс берілген. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін және партия жарғысына сай келмейтін жат қылықтар көрсеткені үшін 15 партия мүшесі жауапқа тартылған. Әрбір партия мүшесі өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, өз ісіне сенімді болғанда ғана жұмыс ілгерілейді.

Берілген ұсыныс, айтылған ескертудің аяқсыз қалмауын қадағалауды аумақтық филиал төрағаларының, яғни, аудан әкімдерінің жіті назарда ұстауы тиістігін айтқан баяндамашы 21 тамызда елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының төрағалығымен, Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарлама қарастырған мәселелерді таныстырды. Бағдарламада көрсетілген 7 бағыт бойынша жүргізілуі тиіс жұмыстарды көпшілікке жеткізу керектігін алға тартқан Ғалиасқар Төлендіұлы: «Партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес 8 айдың қорытындысы бойынша, жұмыс жоспарына сәйкес, 42 отырыс өткізіп, аудан-қала әкімдеріне, облыс деңгейіндегі басқарма басшыларына 50 ұсыныс берді.

Бүгінгі таңда 29 ұсыныс толығымен орындалды. Есепті кезеңде 29 «дөңгелек үстел», 4 семинар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 36 мақала, 3 сюжет, әлеуметтік желілерде 73 жарияланым жарыққа шықты. Сонымен қатар, партияның облыстық және аумақтық филиалдарында өткен партиялық бақылау комиссияларының 42 отырысында берілген 65 ұсыныстың 41-і орындалып, 24-і бақылауға алынуда. Жыл басынан комиссия мүшелері 17 рейдтік шара, 2 семинар, 10 «дөңгелек үстел» ұйымдастырды», – деп атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, облыста білім алатын студент жастарға биыл бөлінген 787 білім грантының 100-і әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тағайындалды. Сондай-ақ, облыста 136 көпбалалы отбасына берілген баспананың 116-сы демеушілер есебінен қарастырылды. Одан бөлек, жыл соңына дейін тағы 672 отбасы баспаналы болады. ҚР Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының несиелік өтемақыға қатысты Жарлығына сәйкес 95 мың отбасы материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алса, 22,6 мың көпбалалы отбасылардың үйлеріне улы газ датчиктері орнатылып, 436 отбасыға табиғи газ тегін тартылды.

Жетісу жерінде жетістік көп, мүмкіндік мол. Үш ауысымды мектептердің мәселесі біртіндеп шешім тауып келеді. Бүгінгі күні облыста дәл осындай 34 мектеп бар. Биыл жаңадан 8 мектеп салынса, келер 2020-2021 оқу жылында 26 жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Білім беру сапасын жақсарту мақсатында 310 ауылдың мектебіне жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылып, 23 мектеп «Bilimland.kz» жүйесіне қосылды. Мұндай жетістіктер денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, шағын және орта кәсіпкерлік, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерді қамсыздандыру салаларында да жеткілікті.

Жарыссөзге партияның саяси кеңес мүшесі, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Сәуле Құсмолданова, Талғар ауданындағы «Қаз- АгроСтандарт» ЖШС-ның директоры, «Панфилов» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сұлтан Нұрдәулетов, партияның саяси кеңес мүшесі, Ақсу аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күлайхан Дәулетбекова, саяси кеңес мүшесі, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов кезекпен көтеріліп, өздерін толғандырған мәселелерді қозғады. Сәуле Құсмолданованың көз ауруларын емдеуге арналған орталық ашу туралы ұсынысын және барлық аудан-қалалардағы «Nur Otan» партиясы филиалдарына бөлінген автокөліктердің әбден тозғанын айтып, көмек сұраған Ақсу аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Күлайхан Дәулетбекованың ұсынысын қолдаған облыс әкімі Амандық Баталов бұл бағытта көмек көрсетілетінін жеткізді.

Бұдан соң мінбеге көтерілген партияның облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов жиынды қорытындылап, межеленген міндеттерді мүлтіксіз атқару керектігін ескертті.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі жетекші партияның тәуелсіздік жылдарында атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, оның барлығын халық көріп отырғанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласында өткен кеңейтілген Саяси кеңесте партия жұмысын жаңғырту мен өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды, – деген Амандық Ғаббасұлы келешекке жоспарланған жобаларды жүзеге асыру жолын таныстырды. – Партияның беделін көтеру және халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау – әр партия мүшесінің нақты міндеті. Баса назар көпбалалы отбасылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына аударылып отыр. Бүгінде облыста көпбалалы 44 мыңнан астам отбасы бар. Аталған сала бойынша атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ қоғам тарапынан наразылық өте көп, өйткені тұрғындарға ақпарат дұрыс жеткізілмейді. Біз өз жұмыстарымыз жайлы халыққа дұрыс жеткізе алмай келеміз. Сондықтан әлеуметтік желілерде наразылық топтар шығуда. Мысалы, облысымызда былтыр көмек алушылар саны 55 мың адам болса, биыл кенеттен 4 есеге көбейіп, 220 мың адамға жетті. Осыған орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін бюджеттен қосымша 23 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл аз қаржы емес. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай көмектерді халыққа нақтылап түсіндіруміз керек. Иә, мемлекет шын мұқтаж жандарды, нағыз көмекке зәру отбасыларын қолдауға қашанда дайын және ол үшін тиісті шараларды үнемі қабылдап келеді. Дегенмен, атаулы әлеуметтік көмекке қалайда қол жеткізу мақсатында түрлі заңсыздықтар мен жат әрекеттерге барушылар да табылуда. Мәселен, табысын жасырған 6 мың 500-ден астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылды. Бұл ретте 127 миллион теңге бюджетке қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге соның 7 миллион теңгесі қайтарылды. Аудан, қала әкімдері осы мәселелерді білуі қажет. Биыл мемлекеттік кіріс органдары табысы 1 миллион теңгеден асқан 114 жеке кәсіпкерді анықтады. Оларға атаулы әлеуметтік көмек беру тоқтатылды, берілген соманы бюджетке қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Қазақта «Еңбек ет те, міндет ет» деген жақсы сөз бар. Қолы қимылдамай, маңдайы терлемей масылдық көзқараспен өмір сүру ешкімге жақсылық әкелмейді. Ал бір реттік көмек мәселенің шешімі емес. Еңбекке талпындыру, тұрақты жұмыспен қамту, жаңа кәсіпке оқыту, шағын несиелер беру арқылы бұл мәселені түбегейлі шешуіміз керек.

Осылайша өңірде атқарылған жұмыстар жайында айтып өткен облыс әкімі биыл табысы аз және көпбалалы отбасыларға өз кәсібін ашу үшін 505 мың теңгеден 360 грант берілгенін, облысқа аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлінгенін, жыл соңына дейін 672 көпбалалы отбасына баспана берілетінін, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына жыл сайын жоғары оқу орындарына түсу үшін 100 грант бөлінетінін, 32 мың бала ыстық тамақпен, мектеп киімімен, 9 мыңға жуық бала жазғы демалыспен тегін қамтылғанын, 7 мыңға жуық көпбалалы аналар қоғамдық көліктерде тегін жүретінін атап өтті. Одан бөлек, биылғы Жастар жылына орай жас мамандар мен өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, ауыл жастарының білім алуына мүмкіндік қарастырылып жатыр. Осындай өзекті мәселелерді орындау үшін облыстық басқарма, департамент басшыларына, аудан-қалалық партия филиалдарының төрағалары мен бірінші орынбасарларына, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына 9 тапсырма берген облыс әкімі әрбір тапсырманың дұрыс орындалуын қадағалау күшейетінін де жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ