ТАЛДЫҚОРҒАН: БЕЙБІТ МИТИНГ ӨТКІЗУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ОРЫНДАР БЕЛГІЛЕНДІ

Уақыты: 04.09.2019
Оқылды: 1236
Бөлім: САЯСАТ

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қуаныш АСЫЛОВТЫҢ қатысуымен өткен актив жиынында Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ айтты. Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда көрсеткен тапсырмасына сәйкес, Талдықорғанда бейбіт митинг өткізуге қолайлы орындар анықталды. Олар - Жеңіс, Ардагерлер саябағы, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алаңдары.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жетісулықтар бірауыздан қолдаған. Мемлекет басшысының Жолдауында берілеген тапсырмалар мен міндеттерді талқылап, жүзеге асыру жолдарын белгілеу мақсатында өткен жиында облыс басшысы Амандық Баталов баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы атаған бес басымдықтың әрқайсысы облыс экономикасымен тығыз байланысты екенін айта келіп, Жолдауда көрсетілген міндеттерге кеңінен тоқталды.

– Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытын сақтай отырып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында қажетті шараларды қабылдаудың маңыздылығы атап өтілді. Ең алдымен бұл – Бес институционалдық реформаны, Ұлт жоспарын іске асыру, сондай-ақ, Президенттің сайлауалды тұғырнамасында қойылған міндеттерді шешу. Қоғамдық келісімді нығайту және үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру үшін жыл соңына дейін «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын, азаматтық қоғамды дамытудың және 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобалары әзірленетін болады. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне басты басымдылық қойылады. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт митингілерді өткізуді ретке келтіруді тапсырды. Өз кезегінде бейбіт митинг өткізуге қолайлы арнайы орындар анықталды. Олар – Талдықорған қаласында «Жеңіс» және ардагерлер саябағы, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алаңдары, – деген облыс басшысы халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында аппарат басшысына сайттар жұмысын, басшылар мен әкімдердің жеке беттерін ұдайы бақылауды, өтініштер мен шағымдарға мониторинг жүргізуді тапсырды.

Жолдаудағы екінші бағыт – «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бойынша тұлғаға қатысты құқықбұзушылықтың, оның ішінде, балалардың зорлық-зомбылық көруі сынды мәселе қашан да басты назарда екендігін жеткізді. Соған байланысты ІІМ реформасына алдағы үш жыл ішінде 173 млрд. теңге бағытталмақ. Оның 40 млрд. теңгесі азаматтық қорғау қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға жұмсалады. Облыс көлемінде 6 ай ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 81 құқықбұзушылық тіркеліп, 41-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан және де алдағы уақытта Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды нақтылады. Аймақта өнеркәсіпті өркендетіп, ауылшаруашылығын, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы экономиканы жедел жаңғыртуға болатынын тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы:

– Халық тұтынатын тауарларды өндіруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Облыс бойынша 6,4 млрд. теңгеге 7 жоба банктердің мақұлдауына ие болды. Бұл көп емес. Үкімет болса 600 млрд. теңге бөлді. Сондықтан, бұл бағдарлама қала мен аудан әкімдері жұмысының басым бағыты болуы тиіс. Президент айтқандай, шағын және орта бизнес ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтып, жергілікті бюджетті нығайтуға мүмкіндік береді. Сол себепті мемлекет тарапынан алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетіледі. «Бизнестің жол картасы» шеңберінде алдағы үш жылда қосымша 250 млрд. теңге бөлу жоспарда, – дей келе, орынбасары Бағдат Манзоровқа, кәсіпкерлік басқармасына, қала және аудан әкімдеріне әлеуметтік аспектілерге назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын – бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін отбасылық бизнес құруды тапсырды.

Жер жаннаты саналатын Жетісу жері о бастан-ақ ауылшаруашылығы саласына өте қолайлы. Аграрлық аймақтан аграрлы-индустриалды облысқа айналу үшін ерінбей еңбек ету керектігін айтты. Ел экономикасының деңгейін көтеру мақсатында өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, жаңа құрылыс секторлары өз жұмыстарын жандандыруы тиіс. Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнім экспортын ұлғайту үшін қуаты 8 мың тонна болатын «Империя Фуд» ет өңдеу зауыты іске қосылды. Жыл соңына дейін аталған кәсіпорын 600 тоннадан астам ет экспорттайды. Одан бөлек, «Бауман», «Inalca-Cremonini» және «Лунюань» сияқты трансұлттық компаниялардың қатысуымен үш ет өңдеу объектілерін салу көзделуде. 2025 жылға қарай ет өнімінің экспортын 20 мың тоннаға жеткізу жоспарда.

Ауылшаруашылығы саласы өнімділігін арттыру ауылды жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау қажеттігін де ескертті. Ол үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынды. Жоспард іске асыру үшін  биыл 30 млрд. теңге бөлінген. Алдағы үш жылда қосымша 90 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылған. Айта кетерлігі, облыста 7 млрд. теңгеге 43 жоба жүзеге асырылуда. Ал ауылдарда 443 тірек және спутниктікпен қамтылмақ.

Жолдаудағы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бағыты бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталған Амандық Ғаббасұлы жыл сайын елімізде 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатындығын тілге тиек етті. Бұл ретте мектептердің оқу бағдарламасы оқушылардың болашақ кәсіпті таңдауына бағытталады. Сонымен қатар, қала мен ауылдағы білім сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында шаралар кешені, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау жөнінде Жол картасы әзірленеді. Ауылдық жерде білікті кадрлардың тапшылығы мәселесін шешуде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемін келесі жылдан бастап 20 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.

Амандық Ғаббасұлы аудан әкімдеріне Жолдау аясында атқаратын жұмыстарын жүйелеп, жақын арада іске асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінетінін айтты. Бірақ мемлекеттен бөлінетін қаржымен шектеліп қалмай, жеке кәсіпкерлерді өңірдің дамуы жолында іске тартуды тапсырды. Инфрақұрылымды дамытуға тоқталған ол:

– Үш жыл ішінде таза ауызсумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге 250 млрд. теңге бөлінеді. Биыл орталықтандырылған сумен қамту 91пайызға жетті. Қалған 58 ауылды үш жыл бойы қамтамасыз етеміз. Жолдар бойынша 78 пайыз жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 2025 жылға қарай 95 пайыз жетеді. Жалпы, жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын 30 млрд. теңгеге дейін бөлінеді, – деп Жолдауда айтылған экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту міндеті қойылғандығын айтты. Соған байланысты жаңа экологиялық Кодекс қабылданбақ.

Жиын барысында жарыссөзге шыққан Іле аудандық мәслихат хатшысы Роза Абилова, «Аксель А» ЖШС директоры Айдын Иманбеков, «Мэт Процесс Сервис» ЖШС бас директоры Бақытжан Абдрасилов, Панфилов ауданы жастар ресурстық орталығының маманы Алмаз Батырхан және Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Ғалия Темірбаева, Талдықорған политехникалық колледжінің ұстазы Игорь Скоромный өз ойын ортаға салды.

Шара соңынан облыс әкімі А.Баталов Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, БАҚ арқылы насихат жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото – Жұмабай МҰСАБЕКОВ