"БҰЛ - ДАҢҒАЗА ҚАУЕСЕТ": Қ.ТОҚАЕВ ҚЫТАЙДЫҢ 55 ЗАУЫТЫ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 06.09.2019
Оқылды: 1504
Бөлім: САЯСАТ

Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ құр ұрандатпай, нақты жұмыс істеу қажеттігін айтты.

- Бүгін өте жақсы пікір алмасу, жалпы әңгіме орын алды. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Бұл ұсыныстарды жалпы мен қолдаймын. Келешекте, амандық болса, бәріміз бір ұжым болып іске асырамыз деп ойлаймын. Біздің ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұран тастамай, нақты қадамдарымызды жасауымыз керек, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерінің пікірлерімен көбіне келісуге болатындығын айтты. «Сондықтан, оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Келешекте басқа мүшелер осы залда амандық болса пікірлерін айтады деп ойлаймын. Жалпы айтқанда қазір бізге үлкен құжат, жоспар қажет. Әрбір салада жеке жоспар дайындауымыз керек. Алдымызда тұрған мақсаттар өте ауқымды, күрделі деп айтуға болады», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелеріне рахмет айтты.

Кеңесте көрші елдің 55 ескі зауыты салынатыны туралы ақпарат – даңғаза қауесет екені де айтылды. «Тәуелсіздік пен мемлекеттілік – бұл қастерлі құндылықтарымыз. Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етеді. Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады екен» немесе «көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі», «мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен» деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай қауесеттер адамдардың патриоттық көңіл-күйін шебер пайдаланып жүрген ниеті дұрыс еместерден таралып жатыр», - деді Президент.

Еске сала кетсек, Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. «Қазақстан Президенттік басқару формасындағы мемлекет ретінде қалуы керектігіне сенімдімін. Алайда Парламент саяси жүйедегі лайықты орнын алуы қажет», - деді жиында Президент. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы, Қазақстанда саяси реформалар қажеттілігі пісіп-жетілгенін мәлім етті.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды