ЖАҢА ҚЫЗМЕТ - ЖАҢА МІНДЕТ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АУЫС-ТҮЙІС ЖАСАДЫ

Уақыты: 12.09.2019
Оқылды: 1464
Бөлім: САЯСАТ

Талдықорғанда Алматы облысы активінің жиналысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов арнайы қатысты.

Актив жиынын облыс әкімі Амандық Баталов ашып, өңірімізде кадрлық өзгерістер орын алып отырғанын атап өтті.  Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ақан Әбдуәлиевтің Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры  қызметіне ауысуына орай орнына жаңа басшы тағайындалатынын жеткізді.

– Ақан Жылқышыбайұлы облыс әкімі орынбасары қызметінде өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды. Оның басшылығымен әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеулер жүргізілді, Тұңғыш Президент – Елбасының, Жаңалық ауылында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайларын іске қосуға өзінің лайықты үлесін қосты. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын қолдау шараларына белсене ат салысты. Облыс жұртшылығының, әріптестерінің арасында беделді болды. Ақан Жылқышыбайұлының басқа жұмысқа ауысуына байланысты Батыржан Байжұманов облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, – деді.

Жиында облыс әкімінің өкімімен бұған дейін Панфилов ауданы әкімі қызметін атқарып келген Темірлан Бектасов облыс әкімі аппаратының басшысы болып сайланды.

Өз кезегінде сөз алған Батыржан Құлаймергенұлы мен Темірлан Амангелдіұлы сенім артып, жаңа қызметке тағайындаған облыс әкіміне алғысын айтып, өздеріне жүктелген міндетті бар қажыр-қайратын салып, абыроймен атқаратындықтарын жеткізді.

Аға буын атынан сөз сөйлеген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт облыс әкімінің сенімі барша Жетісу жұртышылығының артып отырған үміті екенін еске салып, жаңа қызмет иелерінің жұмысына толайым табыс тіледі.

«Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің, Алматы облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова сөз сөйлеп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының кәсіпкерлерді қолдауда үлкен жұмыс атқарып жатқанын алға тартып, алдағы уақытта да бизнесті дамытуға барынша көңіл бөлінсе деген ұсынысын ортаға салды.

Актив жиналысынан соң жаңа лауазым иелері дәстүрге сай салтанатты түрде қызмет орындарына отырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА