АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АЛМА БАҒЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 20.09.2019
Оқылды: 1157
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН іссапармен Алматы облысында болып, өңірдегі бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Үкімет басшысы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН бірге алдымен Еңбекшіқазақ ауданына ат басын бұрды. Жаңа технологиямен жұмыс істеуді қолға алған «Амал Био» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, шаруашылыққа қарасты интенсивті бақты аралады. Мұндағы бағбандардың алма өсірудегі тың әдістері мен тәжірибесіне назар аударды.

Еңбекшіқазақ ауданында алма бақтарының көлемі 6400 гектарға жеткен. Оның 1,5 мың гектары интенсивті бақтар. «Амал Био» ЖШС директоры Асқар Сабиров Үкімет басшысына өздері күтіп-баптап өсірген интенсивті бақтың жұмыстарымен жан-жақты таныстырды. Шетелдік озық технологияны меңгерген бағбандар алғашқы жұмыстарын 50 гектар жерге алма көшеттерін отырғызудан бастаған. Тынымсыз еңбек пен ғылыми ізденістің нәтижесінде табыстарға қол жеткізді. Қазір алма бақтың көлемі 150 гектарға жетіп отыр. Яғни, 14 түрлі сорттан тұратын 500 мың  түп алма ағашы жайқалып жеміс беруде.

Интенсивті бақ өсірудің тиімділігі мол. Біріншіден, отырғызылған көшеттер қысқа мерзім ішінде жеміс береді. Екіншіден, жер көлемі үнемделеді. Бір гектардың өзіне мыңдаған түп жеміс ағашы емін-еркін өседі. Үшіншіден, күтіп-баптау, жинау жұмыстарын арнайы техника көмегімен жүзеге асырады.

Аталған шаруашылықта сыйымдылығы 6000 тоннаға жететін жеміс және көкөніс сақтайтын қойма бар. Сонымен қатар, 750 шаршы метр болатын көтерме-бөлшек сауда павильоны да жұмыс істеп тұр. Отандық өнімдер «Амал Био» фирмалық белгісімен алыс-жақын шет елдерге экспортталуда.

«Амал Био» ЖШС Ащыбұлақ ауылында орналасқандықтан елді мекеннің тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста. Интенсивті бақтың берекесін әсіресе жергілікті тұрғындар көп көруде. Мұнда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осының бәрі жергілікті жердегі дамудың басты дәлелдері.

Бұдан кейін Асқар Ұзақбайұлы Жаңашар ауылдық округіндегі «Адал» агронеркәсіп кешенінде болды.  Шаруашылығының негізі сүт өнімдерін құрайтын айтулы ұжым жыл санап іргесін нығайтып, іс-тәжірибесін арттырып келеді. Бұл туралы компанияның бас директоры Серік Смаилов Үкімет басшысына кеңінен әңгімелеп берді.

Өзі шаңырақ көтерген жиырма жылдың ішінде «Адал» агроөнеркәсіп кешені ешқашан кері шегінген жоқ. Тек алға қарай жылжыды. Өркендеу кезеңдерінен ойдағыдай өтті. Өнім өндірудің сан-салалық күрделі жолына түсті. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіретін қуатты өнеркәсіп кешеніне айналды.

"Адалдың" маркасы жапсырылған сүт өнімдері бүкіл республика жұртшылығына кеңінен таныс. Өнімдер көпшілік көңілінен шығуда. Сұраныстар мен тапсырыстардың артып отырғаны соның дәлелі. Мұндағы мамандар әлемдік бәсекеге төтеп беретін озық технологиялардың қыры мен сырын меңгеру үстінде. Цифрландыру қызметі арқылы кешендегі барлық жұмыс бір орталықтан бақыланады. Оны күнделікті жұмыстың арқауына айналдыру мақсатында ізденістерін үдетіп отыр.

Мәселен, ірі қара санын 2500-ге жеткізді. Нәтижесінде, жылына 20 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз ететін жағдайға жетті. «Адалдың» меншігіндегі егістік алқаптары да аумағын кеңейтуде. Оның жалпы көлемін 3124 гектар десек, соның 2703 гектары суармалы жерді құрайды. Алқапта бидай, жүгері, көпжылдық шөп секілді дақылдардың бәрі бар. Мұнда 17 түрлі жүгері гибридтері өсіріледі.

«Адал» фирмасының сүт зауыты итальияндық құрал-саймандармен жабдықталған. Онда 56 түрлі сүт өнімдері шығарылады. Зауыт тәулігіне 150 тонна өнім өндіреді. Бұл жерде 262 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ең бастысы, аталған кешен еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына зор үлес қосып отыр.

Еңбекшіқазақ ауданындағы іссапардың ықпалы мен әсері еңбек адамдарын қанаттандырды. Үкімет басшысы көп нәрсені көңілге түйді. Мұндағы жұрттың талпыныстарна ризашылығын білдіріп, табыстарының еселене беретініне сенім білдірді.

Болат МӘЖИТ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Еңбекшіқазақ ауданы