Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», – деп атап өтті. Уәде – құдай сөзі. Өзіне, ел-жұртына бек сенген басшы ғана осылай шегелеп тастайды, асылы. Жаһанның арғы да бергі көшінде барша ел, бүтін халықтың аманаты азаматтың азаматына ғана жүктелген. Сол нардың жүгін бекем көтере білген арыстардың арқасында осынау Ұлы Дала сақталып, мыңжылдықтар көгінде дәуірлеген тұрандықтардың қара шаңырағы – Қазақ мемлекетінің кең өріс табуының куәгері болып отырмыз!
Ұлы Аманаттың өз ретінде аманатқа қылдай қиянат жасамайтын иесін табуының өзі ғанибет. Арыс ата-бабаларымыз болса баршамызға осынау қасиетті жерімізді, ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, ділімізді, ел бірлігі, мәнді ғұмырды аманаттап кетсе, енді Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен қабырғалы халқымыз аңсарлы асыл-мұраттарымызды бірден-бір жүзеге асыра алар Қасым-Жомарт Тоқаевқа аманаттап отыр! Жүсіп Баласағұн бабамыз бұдан бір мың жыл бұрынғы кезеңнің арғы айдынында: «Құты барға қызмет бер, жанастыр, Бәзбіреуді қу, қақпаңнан әрі асыр», – демеп пе еді?!
Жолдау жолдары жүрегімізге жылы ұялап үлгергені енді ғана еді, көзделген толғаулы міндеттер көп күттірместен нақтылы істерге ұласып, баршамызды қанаттандыра түсті. Оны көкірек көзі ояу жұрт еліміздегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани ауандағы оңды өзгерістер толқынынан айқын аңғарып отыр. Сырттай бақылаушы бейнесінде ғана қалып қалмай, сол қоғам ағзасының тамыр-тамырына қан жүгіртуге барынша белсене қатысып, қолдап, қорғап жүрушілер қарасы басым! Бұл енді елдік сананың сәулеленіп, ертеңгі таңымыздың бұдан да арайлы атуының алғышарттары негізделіп жатыр деген сөз! Мұның өзі Президентіміздің: «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз» – деген тұжырымымен үндесе түссе керек.
Халқымыздың өткен-кеткенін таразылауға табиғатымыз жақын болғандықтан ба екен, өз басыма Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» деп және бір қадап көрсетуі қатты ұнады. Неге десеңіз, Алтын Орда ұғымының ауқымы өте кең. Ол – біздің мемлекеттігіміздің, мыңдаған жылдарғы этникалық тұрғыда дамып, эволюциялық өсуіміздің берік тұғыры.
Міне, сондықтан да Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының мерейтойы үстінде: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды», – деп атап өтті. Сол әлемге дегенін істетіп, өркениет өрістеткен Алтын Ордамыздың алтын құрсағына үңіліп көріңізші тағы бір.
Әдепкіде іргелі көршінің өңешінен өтіп кетуге шақ қалған өзінің айналасындағы руластарының басын біріктіріп, тағдырдың күресінінде қалып қалмауды көздеген Темірші (Шыңғыс қаған) туған жұртының айрықша алқауымен түгел түріктің – киіз туырлықтылардың баршасын бауырына тартуға бел буды. Байырғы түрік қағандарындай өзін Тәңірдің жердегі тікелей өкілі сезінген ол Қытай мен Сібір жұртшылығын, Мәуренақырды бағындырып, Еуропаның шығысындағы елдерге еркін жетті.
Осылайша, Шығыс пен Батыстың арасына алтын көпір салып, айтулы мәдениеттерді ұштастырды. Әскери-азаматтық, демократиялық арнада дамыған өзіне дейінгі түркілік жүйені жалаулата таратты. Кейінгі Еуропа ренессансының негізін қалады. Жойқын пассионарлық күш Алтын Ордадай алып мемлекетке алып келді. Еуразия кеңістігі бір жүйеге, темірдей тәртіпке бағынды. Елшілер мен саудагерлер емін-еркін қарым-қатынасқа көшті. Шығыс Түркістан, Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс, Мысырмен сауда жолға қойылды. Теріскей Кавказ, Еділ бойы қалалары жамырай өмірге келді. Бейбіт тіршілік орнады. Өнегелі іс жайылды, адамзаттың тарихында жаңа дәуір бел алды. Осынау жалаулы жасампаздықтың жарқылындай – алтын босағалы, ақ ордалы Қазақ Елінің (Алтын Орданың тікелей мұрагері) дәл қазір жаһан төріне төтелей жол салуы неткен табиғи, соншалық тәлейлі ғибрат, зор бақыт!
Құйын ойнаған құба жонда мың түлей жүріп, ылдидан шауып өрге озған Ұлы Даланың көк сүңгі оғландары періште пейіл, сұңғыла зейінімен төрт құбыласын тең ұстаған. Асқақтағанды алдыртып, талтақтағанды талдыртып, танымасты тағдырдың дегеніне иілткен!
Шетелдерден табылған тың деректер мен археологиялық қазбалар дәйектеп отырғанындай, мынау Ұлы Даладағы этникалық үрдістер ең бері дегенде қола дәуірінен бастау алған. Ал бұлардың аумақтық, экономикалық, саяси, діни-мәдени, тілдік, рухани ортақ кеңістіктерге ұласуы 2,5 мың жылдай уақыт бойы бірнеше тарихи дәуірлер мен кезеңдер арқылы жүзеге асты. Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттері, Түрік, Моғол қағанаттары, бергідегі Түргеш, Оғыз, Қарлұқ, Қимақ, Қидан, Қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан мемлекеттері – бәрі де біздің бабаларымыздың жүрегінің түгі, білегінің күшімен құрылған!
Аузы дуалы, түбі түркілік Лев Гумилев кезінде: «Таяу уақытта қазақ елінде күшті серпіліс, пассионарлық дүмпу жүреді. Сол дүмпудің нәтижесінде қоғамды алға сүйрейтін тұлғалар туады. Және ол тұлға алдына үлкен мақсат қойып күреседі және соған қол жеткізеді» демеп пе еді?! Сәуегей-ақ екен. Ата тарихтың қайталанғандығы демей көріңіз мұны енді!
Әміре ӘРІН,
Қазақстанның Құрметті журналисі
"Жетісу" газетінің бас редакторы