ЖОЛДАУ: СЕНІМ ҰЯЛАТТЫ

Уақыты: 25.09.2019
Оқылды: 1076
Бөлім: САЯСАТ

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен халыққа Жолдауында жер, тіл мәселесі, мемлекеттік сатып алу, Ұлттық қор қаражатының тиімді жұмсалуы, мұғалімдердің жалақысын көтеру тәрізді көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселелерді қозғады.

Заманауи тиімді мемлекет құрып, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, сондай-ақ, аймақтар мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Өзінің сайлауалды бағдарламасының негізі болған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, еліміз дамуының жаңа сапалы кезеңіне шығу мүмкіндігі туралы сөз қозғалды. Ең маңызды деген жалпымемлекеттік мәселелерді талқылауға азаматтық қоғамды тарту қажеттігінен ротациялық принцип бойынша жұмыс істейтін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаны сөз болды.

Осынау тарихи маңызды әрі ел тағдырына тікелей қатысты құжатты Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері ерекше қуанышпен, ризашылық сезімімен қабыл алды. Жолдау мәтініндегі: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек», – деген сөздер көңілдерімізді көкке көтеріп, болашаққа деген сенімдерімізді ұштай түсті. Бұл дегеніңіз, мәдениет саласына жаңа мамандар келеді әрі олар әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізе алады деген сөз. Еңбекақы көлемі көбейіп, сала қызметкерлеріне кең мүмкіндіктер ашылмақ.

Жолдаудағы мәдениет қыз-меткерлеріне қатысты айтылған әрбір сөз бізге серпін беріп, Мемлекет басшысының сенімін ақтау жолында біздің алдымызға жаңа мақсат-міндеттер жүктейді. Біз сол сенім үдесінен шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдыратын боламыз.

Серік ҚАЛИЕВ,

Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі