ҮКІМЕТТЕ "5G" ЖЕЛІСІМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 1004
Бөлім: САЯСАТ

Кезекті Үкімет отырысында республикалық бюджет, сондай-ақ, жиында ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосып, 5G-ді дамыту мәселелері қаралды.

Республикалық бюджет туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады. Биыл нақтыланған республикалық бюджеттің жобасымен ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов таныстырды. Айтуларынша, республикалық бюджетке нақтыланған кірістер – 7081,3 млрд. теңгені, шығындар – 12028,1 млрд. теңгені құрайды. Үкімет басшысы Асқар Мамин түзетілген бюджет кірістері мен шығыстары әлеуметтік міндеттерді шешу үшін қосымша қаржыландыру қажеттілігін жабуға және экономикалық өсудің қосымша көздерін құруға мүмкіндік беретінін айтты.

Жиында өңдеу өнеркәсібін қолдауға арналған қаражатты қайта бөлу, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелендіру, Павлодар және Ақтөбе облыстарының сұранысқа ие суармалы жерлерінің гидромелиоративті жүйелерін қайта жаңғырту, сондай-ақ, Жамбыл облысында ауылда кооперацияны дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы қосымша экономикалық өсу көздерін құру жоспарлары қаралды.

Осы міндеттерді 199,1 млрд.теңге сомасында шығыстарды қайта бөлу және өткен 9 айдың қорытындысы бойынша бюджет кірістерін 94,9 млрд.теңге мөлшерінде түзету жолымен қаржылық қолдау ұсынылды. Мәселені қарау барысында Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте «2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын ҚР Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды.

Елбасы тапсырмасы және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында елді мекендерді интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыс жүруде.

Салаға жауапты министрлердің сөзінше, елде 117 қала, 3 324 ауыл кең жолақты интернетке қол жеткізген. Олар түрлі технологиямен қамтамасыз етілген, оның ішінде талшықты-оптикалық желілер, 3G және 4G желілері бар.

Өткен жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 81,3 пайызды құрады, ал әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орында. Ауылды жерлерді кең жолақты интернетпен әрі қарай қамту үшін 2018–2021 жылдары талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда.

Бірінші кезеңінде талшықты-оптикалық желілер салынады. Екінші кезеңде LTE (4G) мобильді байланыс желісін дамыту арқылы 3 мыңнан аса ауылды интернетпен қамту жоспарланған.

Осы жобалар іске асырылса 2020 жыл аяғына дейін тұрғын саны 250-ден асатын 880 елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылмақ. Әрі қарай тұрғын саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. Сөйтіп, 2022 жыл соңына дейін Қазақстан тұрғындарының 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады. Халықтың қалған 3 пайызы үшін жерсеріктік технологияны қолдану мүмкіндігі қамтамасыз етілетін болады. Яғни, бұл ауыл тұрғындарына электронды мемлекеттік қызметтер мен сервистерді, медициналық қызметтер мен білім алудың, электронды сауданың артықшылықтарын пайдалануға, сонымен қатар жаңа өмір стандарттарына жаппай көшуге жол ашады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет ғаламтордан алынды