ЖОЛДАУ: БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ ОЗАДЫ

Уақыты: 10.10.2019
Оқылды: 825
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы алғашқы Жолдауының бүгінгі қоғамдағы маңызы зор, мағынасы терең. Елдің қызығушылығына ие болған тарихи құжат Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жария етілді және кезекті саяси маусымның басталуымен тұспа-тұс келді. Жолдау Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында белгіленген бірқатар бастамалары және тың ұсыныстары көрніс тапқандығымен құнды.

Кең-байтақ еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға тың серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжатта Қазақстанның даму жолындағы бес маңызды басты бағыты айқындалған: «Заманауи тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтықтары қауіпсіздігін қаматамсыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет». Аталған негізгі басым бағыттарда осы уақытқа дейін қордаланып қалған маңызды мәселелерді халық пен билік өкілдері бірлесе отырып, жоспарлы түрде шешу жолдары нақты белгіленген. 

Мемлекет басшысы еліміздегі саяси-әлеуметтік жағдайдан толыққанды хабардар үлкен саясаткер ретінде, көппартиялықты, саяси бәсекелестікті қолдайтыны туралы мәлімдеме жасады. Халықты нақты қандай жағдайлар алаңдататынын жақсы біледі. Азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау сапасы туралы мәселені көтерді. Ел Президенті бейбіт митингілерді заң аясында өткізуді қолдайтынын айтты. Егер олар заң аясынан шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Бұл ретте заңсыз әрекеттер мен бұзақылықтарға тыйым салынады. 

Ел-жұртты елең еткізген жағымды жаңалық, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсақ және шағын бизнес компанияларын 3 жыл мерзімге негізгі қызметінен салықтан босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап ұсақ және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Нәсібін кәсібінен тауып жүрген отандастарымыз бір серпіліп, ерекше қуанып қалды. Міне, осының өзі жарқын жолға бет  алған бейбіт елдің дамыған елдер қатарына қосылуға негізделген бағытының бірі болып көрінбек.

Президент көптің көкейінде жүрген, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтарып алуды тапсырды. Сонымен қатар, ұлттың ожданындай болған ұлтарақтай жердің шөкім тасына дейін өз еліміздің азаматтарына қызмет ететіні, жалпы жердің шетелдіктерге сатылмайтыны қадап айтылды. Ұлағатты ұрпақтың болашағын ойлаған Мемлекет басшысының "Дипломмен ауылға!" бағдарламасының аясын кеңейтіп, қаржыландыруды арттырып, жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік жасауы, білім саласын жаңғыртуға жаңаша жол салынып жатқанының белгісі. Бағалы бағдарлама ауылда тұратын азаматтарды қолдауда, қоғамның орта әлеуметтік тобын одан әрі қалыптастыруға, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуға барынша ықпал ететіні айдан анық. Кітаптардың мазмұны мен сапасының төмендігі де назардан тыс қалған жоқ. 

Президенттің: «Әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біздің ұстанымымыз: "Ел бірлігі оның әралуандығында"», – деп ерекше атап көрсетуі барлық саналы патриот азаматтарға үлкен ой салды. Әсіресе, еліміздегі қоғамдық келісімді нығайту мен ұлтаралық байланысты жетілдіретін тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде: «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – дегені, барлық зиялы қауым өкілдеріне, белсенді жастарға күш-қуат беріп, қанаттандырды. Туған елінің тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың жарқын болашаққа, келелі келешекке деген сенімі ұлғайды. Мемлекеттік тілімізге мән берілуін байтақ еліміздің зиялы қауымы, этномәдени бірлестік өкілдері қызу талқылап, қолдайтындықтарын білдіруде. 

Тіл мәртебесін көтеруге байланысты Президенттің сөзі, ең біріншіден, мемлекет құраушы ұлтқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстан – полиэтностық мемлекет. Бұл әлем халқы бағалаған тарихи қалыптасқан дүние. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің көпұлтты халқымыз бейбітшілік пен өзара түсіністікте өмір сүріп, мемлекетіміздің өркендеуіне атсалысып келеді. Дана халқымыз: «Бірлігі бекем ел озады», – деп тегін айтпаған. Жолдаудың тақырыбының өзі тұрақтылыққа, өркендеуге шақырып тұр. Барша жетісулықтарды ел игілігі жолындағы басты мақсат, ортақ міндеттерімізді бірлесе жүзеге асыруға шақырамыз.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,

хатшылық меңгерушісі