Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҚҰРЫЛЫС БІТКЕН СОҢ КЕТЕДІ": ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫТАЙ АЗАМАТТАРЫ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

Уақыты: 16.10.2019
Оқылды: 926
Бөлім: САЯСАТ

Елбасы, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Хабар» телеарнасына сұхбат беріп, жұртты толғандырған біраз сұраққа жауап берген еді.

Сұхбат барысында Ұлт Көшбасшысы еліміздегі өндірістерінің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін Қытай азаматтарының бәрі еліне қайтатынын алға тартты. Бұл жайында "Dalanews" "Tengrinews" сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Соңғы кезде ел тұрғындары арасында пайда болған қытай фобиясына қатысты Елбасы: "Қытай бізді жаулап алады деген әңгімелерді естіп жүрмін. Қайда, кімді жаулап алды? Қазақстан жерін вагонға салып, бір жаққа алып кете ме? Қытай билігімен келісімім бар, бірге өнеркәсіптер салған кезде Үкімет қанша маманның келетінін көрсетіп қол қояды. Құрылыс біткен соң олар кетеді. Кезінде Төраға Ху Цзиньтао маған: «Егер кетпесе, айтыңыз, бәрін кері алып кетеміз», - деген болатын, – деді.

Бұл құрылыстар кәсіпорындарды көшіру үшін емес, Қазақстанға маңызды және қажетті жобаларды жүзеге асыру мақсатында салынып жатқанын айтты. Елбасының айтуынша, Қазақстан Жібек жолымен жүретін тауарлардың транзитінен жылына 5 миллион доллар табыс табады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"