"ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ": ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІНЕ СЫН АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 826
Бөлім: САЯСАТ

Талғар ауданында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға және мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет көрсету тиімділігін арттыруға арналған алқалы жиын өтті.

Аудан әкімі Жолан Омаров, қала, ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме, бөлім, басқарма басшылары, білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев  Жолдауда айтылған басым бағыттардың еліміздің дамуына қосар үлесі мен берер мүмкіндігін әңгімелеп, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, халыққа сапалы қызмет көрсету – мемлекеттік органдар жұмысының басты бағыты екендігін және Талғар ауданында осы бағыттағы жұмыстың ақсап жатқандығын атап, 300 мыңға жуық тұрғыны бар ауданда ақпараттық-насихаттау жұмысы 0,79 пайызды ғана құрап отырғанын баса айтты.

– Барлық әкімшілік, қаржылық мүмкіндігі бар, терең тарихы бар ауданда жұмыс осындай төмен деңгейде жүргізілсе, басқа аудандардан не күтуге болады? – деген Серікбай Өрікбайұлы өз қынжылысын жасырмады. – Аудандық жергілікті атқарушы органдар мен аудан әкімі аппаратының ішкі бақылау қызметі тұрақты негізде ИС «Мониторинг» ақпараттық жүйесі бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдеріне талдау жүргізуі керек. Алайда аталған жұмыс аудан көлемінде жүргізілмеген. Қызметкерлердің өз ісіне деген немқұрайлығы, жауапкершілігінің төмендігі облыс көрсеткішінің республикалық деңгейден олқы болуына әкеп соқты.

Осыған орай департамент басшысы Талғар ауданында жүргізілген бақылау іс-шаралары кезінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында бірнеше кемшілік анықталғандығын атап өтті. Олардың бірі аудандық білім бөліміне қатысты болса, екіншісі – аудандық жұмыспен қамту орталығының кемшілігі саналады. Сондай-ақ, Алатау ауылдық округінің әкімі Қ. Смағұловқа жіберген кемшілігі үшін айыппұл салынғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар, Талғар аудандық Қоғамдық кеңесінің жыл басынан бері бір ғана отырыс өткізгендігін, тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқада алуын қамтамасыз ету үшін барлық мемлекеттік органдардағы, медициналық мекемелердегі, білім беру орындарындағы, кітапханалар мен «Қазпочта» бөлімшелеріндегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының көрсеткіші 45,45 пайызды құрағаны облыс бойынша төменгі көрсеткіш екендігін атап өткен Серікбай Өрікбайұлы балабақшаға жолдама беру және кезекті қалыптастыру үдерісін автоматтандыруға облыс бюджетінен бөлінген 58 миллион теңгеге «Е–ZHETYSU.KZ» порталы іске қосылғанына тоқталды. Автоматтандырудың негізгі артықшылығы – ата-аналарға нақты уақытта порталда өтінішті тіркеу және білім бөлімі қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз таңдалған балабақшаларға жолдама алуға мүмкіндік беру.

– Талғар ауданындағы 27 жергілікті атқарушы органда (оның 11-і ауылдық округтер) 206 мемлекеттік қызметшінің штат саны қарастырылған. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 202 мемлекеттік қызметші нақты еңбек етуде. Бос лауазымдар 4 бірлік. Біздің қызметіміздің келесі кезеңдегі негізгі басымдығы – бұл Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды сапалы іске асыру. Алдымызда азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді мемлекеттік қызметшілердің корпусын қалыптастыру жөніндегі маңызды міндет тұр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін меритократия қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар күшейтіледі, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік пакеті кеңейтіледі, сондай-ақ Президенттік кадр резерві қалыптастырылатын болады. Талғар ауданында меритократия қағидаты 33 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша Талғар ауданы облыстың аудан, қала әкімдіктерінің арасында салыстырғанда 17-орындағы көрсеткішке ие, – деген департамент басшысы кадрлық тұрақтылықты сақтау және командалық ауысуларды болдырмау қажеттігін ескертіп өтті.

Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріліп отырғандығы, мемлекеттік қызметшінің қай кезде де моральдық-этикалық талаптарды сақтауға міндетті екендігі, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді тиісті деңгейде орындау өңірлерде жұмысты тиімді ұйымдастырумен ғана жүзеге асатындығы сынды мәселелер қаралған жиынды аудан әкімі Жолан Омаров қорытындылады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Сурет ғаламтордан алынды