ҮКІМЕТ: "НҰРЛЫ ЖОЛ" БАҒДАРЛАМАСЫ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ

Уақыты: 26.10.2019
Оқылды: 925
Бөлім: САЯСАТ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста 2015 – 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы сөз болып, 2020 – 2025 жылдарға арналған жобасы қаралды. Отырыста ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, осыған дейінгі жеткен жетістіктерді таныстырды.  

Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарлама қабылданған бес жылдың аралығында елімізде қыруар жұмыс атқарылып, толайым табыстарға қол жеткіздік. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы бес жылда көлік саласы дамып, транзиттен түсетін кіріс пен авиа жолаушылар саны артып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланған. Сол қатарда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары да жөнделді. Жаңа теміржол пайдалануға беріліп, Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларындағы ұшу-қону жолағы жаңғыртылды.

Осы ретте аймағымыздың да алда келе жатқанын атай кеткен жөн. Соңғы бес жылда облыстан өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралі аяқталып, бүгінде көлік қатынасын жеңілдетті. Ал Алматы – Талдықорған бағытындағы жол жүргіншілердің көңілінен шықты. Талдықорған әуежайы жаңғыртудан өтсе, Алакөл ауданының орталығы – Үшаралдағы әуежайдан Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған бағытына рейстер ұша бастады.

Елге игілігі мол, жұрттың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігі тиген «Нұрлы жол» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады. Премьер-Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның алдағы бес жылдағы қаржыландыру көлемі 6,598 трлн. теңгені құрайды. Сол қаржы есебімен автожол инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық желінің 10 мың шақырым жолын жаңғырту және 11 мың шақырымын жөндеу, 27 мың шақырым жергілікті желі жолын жөндеу жоспарланған. Теміржол саласын өркендету, шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуежай салу ісі де бар.

Осы жұмыстар нәтижелі болса, 551 мың жұмыс орны ашылып, көлік саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,4 трлн. теңгеге дейін өседі. Теміржол тасымалының көлемі 26,9 млн. тоннаға жетіп, жүк көлігімен жылына 3 млн. тоннаға дейін жүк тасымалданатын болады.

Қажет АНДАС