ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ: ҮЙЛЕСІМДІЛІК НЕГІЗІ

Уақыты: 27.10.2019
Оқылды: 1039
Бөлім: САЯСАТ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы басты ерекшелік тәсілдердің жаңашылдығы дер едім. Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өмірлік ұстанымға айналдыру, яғни, «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру» мәселелері көтерілді. 

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған орай негізгі міндет – мемлекеттік құрылым мен халық арасындағы байланысты нығайтатын арнайы орган құрылғанына тоқталды. Бұл – өз жұмысын жаңадан бастаған ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі.

Мемлекет басшысы ұсынған көптеген шаралар мен өзгерістер қарапайым халықтың көңілінен шығары анық. Әсіресе, зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, онда да баспана сатып алуға немесе білім алуға пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтау үшін Үкіметке берген тапсырмасы көпшілікті бір серпілтті. Сондай-ақ, жұмыс берушілер кейінге қалдырылған 5% мөлшеріндегі қосымша зейнетақы аударымдарын енгізуге, кәсіпкерлер шағын бизнестегі салық төлеу мен тексерулерден 3 жылға босатылатынына қуанса, ұстаздар жалақының 2020 жылы 25%-ға өсетініне дән риза. Ал табысы төмен отбасылар кешенді қолдау алатындарына үміт артады.

Жолдауда мемлекеттік қызметшілердің штат саны 2024 жылға қарай 25%-ға қысқарып, жергілікті билік жұмысының тиімділігін халық арқылы бағалау жүйесі енгізілетіні айтылды. Ондай жағдайда тұрғындардың үштен бірі әкім жұмысына наразылық танытса арнайы тексеру жіберіледі.

Халықпен жұмысты әлеуметтік желілер арқылы жүргізу жөніндегі мемлекеттік қызметшілерге берілген тапсырманы адал атқару – біздің міндетіміз. Осыған байланысты статистикалық деректерді тұрақты түрде әлеуметтік желілерге салып, мәліметтер мен жинақтарды тарату жұмысы белсендірілді. Бұл өз кезегінде билік пен халық арасындағы тиімді сұхбатты қалыптастырады.

Қазақстандағы мемлекеттік қызметті жетілдіру, мемлекеттік қызметшілерді кезең-кезеңімен қысқарту – олардың жұмыс сапасының жақсаруына септігін тигізбек. Қысқартудан үнемделген қаражат басқа қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл жастарды мемлекеттік қызметке қызықтыруға мүмкіндік береді және өз қызметін жаңадан бастаған Президенттік кадр резервіне мемлекеттік қызметшілер жинауға қолайлы шарттар тудырады. Одан бөлек, Жолдауда қатаң ескерту айтылып, «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» мәселесі ашық айтылды. Яғни, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлері қайтарылып алынатынын жеткізген Мемлекет басшысы экономикадағы басымдылық берілген тиімділікті, ғылыми ізденістер мен өңірлердегі цифрландыру жайы назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, тиімділігі төмен квазимемлекеттік секторға назар аударды. Әсіресе, агроөнеркәсіптік кешенді экономиканың драйвері деп атаған Президент ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің шетелдіктерге сатылмайтынын ерекше атап өтті. Ол алдымен жерге қолжетімділік мәселесін атап өтіп, артынша ауылдағы жерлердің тиімді қолданылуын тексеруге тапсырма берді.

Халқының саны биылғы 1 қыркүйекке 2 миллион 48 мың 680 адамды құрайтын Алматы облысы Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша жүргізілетін экономикалық және қоғамдық-саяси шараларға белсенді қатысып келеді. Экономиканың барлық салаларындағы еңбек өнімділігі былтыр 103,5%-ды құраса, биыл нақты ақшалай табыстар ІІ-ші тоқсанда 104,9%-ға жетті. Статистика бойынша биылғы 1-ші қазанға тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 147 мың 496-ға жетті. Оның ішінде заңды тұлғалар – 17 мың 934, жеке кәсіпкерлер – 80 мың 659, шаруа қожалықтары – 48 мың 903.

Республикалық көрсеткіштің 22,2%-ын құрайтын бұл көрсеткіш облыстың ауылшаруашылығы – облыс пен республика экономикасына орасан зор үлес қосып отырғанын білдіреді. Одан бөлек, Жолдауда айтылған экономиканы несиелеу мен шағын және орта бизнесті қолдау облыс экономикасына үлкен жәрдем болып отыр. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап 3 жылға табысқа салынатын салықтан босату да елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын басты салаларға үлкен серпін береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы 2020 жылы өткізілетін Халық санағын жүргізуге де өте қолайлы алғышарттар тудырмақ. Жолдаудың барлық тармақтары халықты алдағы санаққа белсенді түрде қатысуға бағыттайды. Біз Елбасы және Президентпен бірге бір мақсатқа жету жолында және әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін аянбай еңбек етуге тырысамыз. Жолдауға қатысты маңызды қадам мемлекеттік басқару органдары мен облыс тұрғындары арасында толығымен қолдауға ие болады деп сенемін.

Азат ХАМИТОВ,

Алматы облыстық статистика департаментінің басшысы