АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУЫС-ТҮЙІС: ТӨРАҒАЛАР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 1041
Бөлім: САЯСАТ

Халық пен биліктің арасында сындарлы диалог құруды мақсат еткен «Nur Otan» партиясы әрбір аудан, қаланың тыныс-тіршілігін назарда ұстап отырады. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық БАТАЛОВТЫҢ келісімімен Талғар, Панфилов, Райымбек аудандарындағы партия филиалдарының төрағалары тағайындалды. Жаңа төрағалар өңір активіне «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХVІ конференциясында таныстырылды.

***

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевтың қатысуымен партияның Талғар аудандық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясы өтті. Конференцияға партия делегаттары мен ардагерлер, аудандық мекеме басшылары,мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия бағдарламасын талқылау және партияның аудандық филиалына жаңа төраға сайлау сынды ұйымдық мәселелер талқыланды.

Іргелі ауданды жылдан аса тізгіндеген Рыскелді Сатбаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасы қызметінен босату жөнінде ұсыныс түскен. Осыған байланысты модератор Мейрамгүл Ермағанбетова жаңа кандидатураны ұсыну үшін сөз кезегін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевқа берді.

– Өздеріңізге мәлім, Рыскелді Сатбаев 2018 жылдың маусымынан осы жылдың тамыз айына дейінгі аралықта аудандық партия филиалына төрағалық етті. Осы уақыт ішінде партия қатары саны жағынан 591 адамға артып, қазіргі уақытта 6714-ті құрап отыр. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне «Халыққа көмек» партиялық жоба аясында келген тұрғындар өтініштерінің оңтайлы шешілуіне өз септігін тигізді. Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдарымен тығыз байланыста болып, партиялық жобалардың іске асуын қатаң бақылауына алды. Ендігі кезекте аудандық филиалдың төрағалығына аудан әкімі Жолан Омаровтың кандидатурасын ұсынамын, – деген Ғалиасқар Төлендіұлының ұсынысы бірауыздан қабылданды.

Одан соң мінберге көтерілген аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жолан Омаров артылған жауапкершіліктің салмағын сезінетінін жеткізді. Конференцияда «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия бағдарламасындағы тапсырмаларды іске асыру бойынша Ғалиасқар Сарыбаев толыққанды баяндама жасап, ондағы маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Атап айтқанда, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедек жандарға көрсетілер қайырымдылық шараларын ұлғайту, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруда туризмді дамытып, кәсіпкерліктің өрісін кеңейту, бұқаралық спортты, білім беруді жетілдіру сынды әлеуметтің әлеуетін көтеретін мәселелердің жүзеге асуын қадағалау қажеттігі ескертілді.

Жарыссөзде жеке кәсіпкер, партия белсендісі Мейірғали Аднанов пен аудандық «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі, Талғар медициналық колледжінің 3-курс студенті Юлия Литош халықтың қамын күйттеген «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын жүзеге асыруға күш-жігер, білім-білігін арнайтындықтарын тілге тиек етті. Конференция соңында қаралған қаулы-қарар бірауыздан қабылданды.

***

«Nur Otan» партиясы Панфилов аудандық филиалының кезектен XXVI конференциясында тыс «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев партияның аудандық филиалының бұрынғы төрағасы Темірлан Бектасовтың басқа қызметке ауысуына байланысты төрағалықтан босатылғанын, оның орнына ауданның жаңа әкімі Талғат Өмірәлиевті ұсынатынын, бұл ұсыныс облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовпен келісілгенін айтып, конференция делегаттарының қолдауын сұрады. Конференция делегаттары ұсынысты бірауыздан қолдады.

Конференцияның күн тәртібіне қойылған тағы бір маңызды мәселе бойынша Ғалиасқар Төлендіұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын және партия бағдарламасын талдап, баяндама жасады.

Баяндамада әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелер мысалға алынып, жаңа заман дамуының өркенді істері сараланды. Цифрлық технология, ғаламдық байланыс үрдістерінің ел болашағына әкелер жаңалығы сөз болды. Бүгінгі жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды сақтау, ата салтымызды жаңғырту туралы орамды ойлар да айтылды.

Конференция жарыссөзіне шыққан Панфилов аудандық мәслихат депутаты Төлеу Оспанов, аудандық кітапхана директоры Дәрия Сұлтанбекова, Б.Назым атындағы орта мектеп партия тобының жетекшісі Рахим Ашимов, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Нияз Байсадықов қатысып, өз ойларын ортаға салды. Басқосуда ұйымдық мәселе қаралып, аудандық партия филиалының Саяси кеңес бюросының құрамына Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев енгізілді.

                                      ***

Нарынқол ауылында орналасқан Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде аудандық «Nur Otan»  партиясы  филиалының кезектен тыс ХХVI конференциясы өтіп, аудандық партия филиалына жаңа төраға тағайындалды.

Облыстық «Nur Otan» партиясы  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, мекеме басшылары, партия ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысқан конференцияны аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнара Арипова ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде аудан әкімі Жолан Ыбрайақынұлының басқа жұмысқа ауысуына байланысты аудандық партия филиалы төрағасы қызметінен босату жөнінде ұсыныс ортаға салынды. Аталған мәселе бойынша Ғалиасқар Төлендіұлы сөз алып, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының жаңа төрағалығын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов атқаратынын жеткізді. Аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының жаңа төрағасы Нұрдан Құдайбергенов көпшілікке сенім білдіргендері үшін ризашылық танытты.

Одан соң облыстық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні»  атты партия бағдарламасындағы тапсырмаларды өңірде іске асыру жайында баяндама жасап, атқарылуы тиіс мақсат-міндеттерді айқындады.

Баяндама жарыссөзіне шыққан партия белсендісі, Қайнар орта мектебінің ұстазы Г.Базарбекова мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Қ.Серікбекұлы сөз сөйлеп, өңірдің жетістігі мен көңіл қуантар көрсеткішін тілге тиек етті.

Ұлбосын ИСАБЕК,

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,

Мәди АЛЖАНБАЙ