ЖОЛДАУ: ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛІККЕ ҮШ ЖЫЛ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

Уақыты: 14.11.2019
Оқылды: 910
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көптеген тың мәселе көтерілді. Дәлірек айтсақ, негізгі мазмұны әлеуметтік тақырыптарға, оның ішінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, азаматтардың өмір сүру сапасын көтеруге, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Әрине, Президенттің Жолдауы – бұл белгілі бір стратегиялық көзқарас, елдің алдағы даму жолының бағыт-бағдары. Жолдаудағы негізгі бағыт болашақ азаматтық қоғам жөнінде. Азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік – қала мен ауылды дамытудың берік негізі екендігіне ерекше тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондықтан, мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді», – деп мемлекеттің қозғаушы күші кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын таныстырады.

Бұл Жетісу жеріндегі кәсіпкерлікпен тікелей байланысты жұмыс атқаратын «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігіне де арналғандай. Себебі, біз жеке кәсіпкерлердің қарауында жұмыс істеп жүрген қарапайым жұмысшылардың мүддесін көздейміз. Олардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау жолында тынбай жұмыс істеп келеміз. Қарапайым еңбеккер жалақысының уақытылы төленуін, жұмыс уақытының, еңбек демалысының сақталуын, ауырған жағдайда денсаулығын еш кедергісіз түзеп алуын қадағалаймыз. Жасыратыны жоқ, кейде жұмыс берушілердің өз пайдасын ғана ойлап, еңбек адамының мұң-мұқтажына көңіл бөлмей, шетке ысырып қоятын жағдайлар да кездесіп жатады. Біз мұндай әділетсіздікке жол бермейміз.

«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі АЮФ халықаралық кәсіподағымен ынтымақтаса жұмыс істейді. АЮФ – 127 мемлекеттегі кәсіподақтардың басын біріктіріп отырған үлкен ұйым. Демек, біздің беделіміз халықаралық деңгейде де жоғары.

Жолдауда белгілі болғанындай, 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Бұл – оларға жасалып отырған үлкен қамқорлық. Соған орай бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін айтты. Бұл бағытта жаңа жобалар өмірге келетін болса, еліміздегі талай отбасының тұрмысы түзеліп, жағдайы жақсарады деген сөз.

Өз Жолдауында Президент: «Биыл Елбасының бастамасымен «Бақытты отбасы» деген екі пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме және он пайыздық бастапқы жарна төлеу арқылы жүзеге асатын бағдарламасы құрылды. Бұл өте тиімді ұсыныс. Жылдың аяғына дейін 6 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Ең алдымен көпбалалы отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. 2020 жылы осы секілді 10 мың отбасыға баспана беріледі. Үкімет бұл бағдарламаға қатысуға нақты талаптар қойып, оның орындалуын қатаң бақылау қажет. Баспанаға мұқтаж отбасыларға ғана көмек көрсетілуі қажет», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке кезекте үш жыл қатарынан тұрған, жағдайы нашар, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.

Міне, Жолдаудағы бізді қуантқан тақырыптар осы. Себебі, біз де еліміздегі барлық отбасының амандығын, жайлы тұрмыс кешуін тілейміз. Жыл басынан бері Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Қаратал, Кеген, Райымбек аудандарында облыстық кәсіподақтың көшпелі президиумын өткіздік. Әр ауданның басшыларымен, аудандардағы кәсіподақ мүшелерімен кездесіп, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы жағдайды толық біліп отыруға тырыстық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы қоғамды толғандырған мәселелердің бәріне жауап берді. Бұл Жолдау елдегі кейбір орын алған ахуалды жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың нақты жоспарына айналатыны сөзсіз.

Рая ЫДЫРАЛИЕВА,

«Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы