"СЕНЕМІН": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖЕТІСУЛЫҚТАРДЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 01.12.2019
Оқылды: 1122
Бөлім: САЯСАТ

Құрметті жетісулықтар! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

1 желтоқсанның тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Себебі 1991 жылдың осы күнінде біз жарқын болашағымыз үшін, бейбітшілік пен тыныштық үшін, дамудың даңғыл жолы үшін өз таңдауымызды жасап, Тұңғыш Президентімізді бірауыздан сайладық.

Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпқырлы қайраткерлігі, көшбасшылық қасиеті барынша айшықталды. Жас мемлекетті қалыптастырудағы жауапкершілігі жоғары тарихи міндетті абыроймен орындап, Қазақстанды өзге елдермен терезесі тең, әлемдік аренада лайықты орны бар, әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор мемлекет ретінде танытты.

Саңлақ саясаткердің көрегендігі мен табанды ұстанымының арқасында Арқа төрінде жаңа астана бой көтеріп, бүгінде елорда жаһандық үздік үлгілер мен табысты тәжірибелерді тартудың озық орталығына айналды.

Қазақстандағы тұрақтылық мен тыныштық, өсу мен өркендеу, жеңістер мен жетістіктердің бәрі де Тұңғыш Президенттің есімімен тікелей байланысты. Өйткені, Елбасы бүгінгі барлық игіліктің қайнар бастауында тұр.

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Елбасы өз сөзінде: «Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы тиіс» деген еді. Бұл ретте Мемлекет басшысының жетекшілігімен елдік мүдде жолындағы жұмысқа жұмыла кірісіп, әрқайсымыз өз міндетімізді елжандылықпен, жауапкершілікпен, еңбексүйгіштікпен атқарамыз деп сенемін.

Мерекелеріңіз құтты болсын, қадірлі жерлестер! Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс, береке-бірлік тілеймін! Тұңғыш Президент күні құтты болсын!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі