ҚР МӘСЛИХАТЫНА - 25 ЖЫЛ: ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІ ЖАЛҒАҒАН АЛТЫН КӨПІР

Уақыты: 07.12.2019
Оқылды: 2070
Бөлім: САЯСАТ

Халық пен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқарған барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай Нұр-Сұлтан қаласына күллі Қазақстанның барлық өңірлерінен келген  мәслихат хатшылары мен депутаттары әрбір өңірдің, аймақтың өзекті мәселелерін көтерді. Алғашқы күні Елордадағы Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика, Білім және ғылым, Ауылшаруашылық министрліктеріне арнайы барып, өздерін толғандырған сауалдардың жауабын іздеген депутаттар екінші күні Тәуелсіздік сарайында өткен «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және қоғамдық сенімді нығайтудағы мәслихаттардың рөлі» атты республикалық конференцияға қатысты. Шараға Алматы облысынан 26 делегат қатысып, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының марапатына ие болды.

Атшаптырым кең залда өткен алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев алғашқы сөзді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваға берді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың ел өміріндегі орны мен халықтың мұң-мұқтажын шешудегі рөліне тоқталған Дариға Нұрсұлтанқызы көпшілікті құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Одан соң мінберге кезекпен көтерілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Сәния Қалдығұлова, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Шалатай Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Бубенко, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембінов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, мәслихаттардың атқарған қызметіне баға берді.

Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне тоқталған Сұлтан Мырзабекұлы:

– Жергілікті өкілді органдар қызметінің тиімділігін арттыру қазіргі жағдайда маңызы орасан зор міндет. Өйткені мәслихаттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес халықтың еркін білдіретін, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық реттеудің елеулі өкілеттіктеріне ие бірден-бір орган, – деп халық пен жергілікті биліктің арасын жалғастырып келе жатқан мәслихаттардың қоғамдағы орнына тоқталды. – Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің даму тарихы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың әрдайым ортақ міндетті шешіп келгендігін айғақтайды – ол ел игілігі мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Мәселен, тәуелсіздік жария етілгеннен кейінгі кезеңде олар жергілікті экономиканың күрт құлдырауымен және жаппай жұмыссыздықтың өсуімен байланысты мәселелерді шешуге мәжбүр болса, қазір олар бюджет қаражатының тиімді пайдалануы, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, қоғамдық кеңестердің жұмысын қамтамасыз ету сынды экономиканың және азаматтық қоғамның дамуымен байланысты мәселелерді шешуге ден қоюда.

Жүргізіліп отырған талдау өңірлер деңгейінде қаралатын мәселелердің мәні мен сипатының  әкімшілік-аумақтық бірліктердің экономикаларының өсуіне қарай өзгеріп тұратындығын көрсетеді. Мәселен, Алматы облысының 1997 жылғы бюджетінің құрамы 12,9 миллиард теңге көлемінде болса, бүгінгі таңда ол 40 есе ұлғайып, 540 миллиард теңгені құрап отыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуге бағытталған қаражат көлемі де тиісінше көбейді. Мәселен, 2014 жылы облыс бойынша балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілуі 64 пайызды құраса, биыл ол 98 пайызға жеткізілді. Соңғы 3 жылда 51 мектеп салынды, 35 мектепте 3 ауысымды оқыту жойылды, жыл сайын 15 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілуде, орталықтандырылған сумен 657 елді мекен қамтамасыз етілді, жылдың аяғына дейін 800 мың тұрғыны бар 144 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі.

Салтанатты жиында бірқатар мәслихаттардың хатшылары мен депутаттар ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық бірлік» алтын медалімен марапатталды. Бұл қатарда Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембінов ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан соң облыстардан келген делегаттар Нұр-Сұлтан қаласының көрнекті жерлерін аралап, музейлер мен көрмелерді тамашалады.

БІЗДЕН БІР ПІКІР:

Жамал ҚҰЛАХМЕТОВА, 
облыстық мәслихаттың депутаты:

Алғашқы жылдарда халықтың көтерген мәселелері тұрмыстық жағдайдың төңірегінде болса, қазір жалпы жұртшылыққа ортақ ауызсу, мектеп, жол секілді маңыздылығы жоғары мәселелер жиі көтеріледі. Яғни тоқсаныншы жылдары жұмыс керек, еңбекақымыз көбейсе, баспана қажет деген пікірлер көптеп айтылса, қазір саяси өмірге, тыныштық пен тұрақтылыққа, бейбітшілікке, экономикалық өсімге қатысты сөздер сөйленеді. Өз басым мектептердің күрделі жөндеуі, мектептер салу, Мәдениет үйлерін жөндеуден өткізу, 20 жыл тоқтап қалған Сарқан аудандық орталық ауруханасының іске қосылуы, жолдардың жасалуы мен жарықтандыруға қатысты бірнеше депутаттық сауал жолдап, нәтижеге қол жеткіздім. Осының бәрін айта отырып, мәслихаттардың мойнындағы жауапкершілік жүгінің ауыр екендігін жеткізгім келеді.

Кәдірбек ОМАРОВ, 
Балқаш аудандық мәслихатының хатшысы:

– Балқаш ауданындағы 15 округтен сайланған 12 депутат көтерген мәселелер біртіндеп шешімін тауып, қажетті нысандар салынып жатыр. Мысалы, аудан орталығынан 330 шақырымда жатқан ең шалғай Құйған ауылында биыл бір көше асфальтталып, орталық үш көшесі жарықтандырылды, Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 200 шақырымда жатқан Қарой ауылында арнайы бағдарламамен мұғалімдер мен дәрігерлерге үш үй салынды. Дәл солай Көктал ауылындағы 2 үйге, Ақкөл ауылындағы 5 үйге дәрігерлер мен мұғалімдер қоныстанып, қуанышқа кенелуде. Одан бөлек, Топар аулындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді.

Саят ЖҰРЫН, 
Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы:

– Нұр-Сұлтан қаласына келіп, мәслихаттың құрылғанына 25 жыл толуына арналған конференцияға қатысып жатырмыз. Осының өзі үлкен бақыт. Өйткені, мұндағы айтылған тың ойлар мен жаңаша көзқарастар аудандық мәслихат депутаттарына тың серпін береді деп сенемін. Негізі екі күндік сапар әрқайсымызға өзгеше әсер етті. Жергілікті халықтың болашағы үшін көптеген жақсылық жасалып жатқандығынан хабардар болдық. Ширек ғасырлық тарихында барлық деңгейдегі мәслихаттар халық пен билік арасын жалғаған алтын көпірге айналды. Еліміздің өркендеуіне, кереметтей көркеюіне үлес қосып келеді.

Темірболат АХАЖАН, 
Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы:

«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өтетін қоғамдық қабылдауларда айтылатын пікірлер мен көтерілетін мәселелер атқарушы билікке мерзімінде жеткізіліп, шешім табуына ықпал етіледі. Жұмысқа орналасу, баспана алу, тиесілі жалақыны өндіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қарызы сынды көпшілікті бейжай қалдырмайтын тақырыптар ұдайы көтеріліп тұрады. Солардың бәрін осындай республикалық жиындарда көтеріп, мемлекеттік деңгейде шешу өте маңызды. Шынында халықтың бір қажетіне жарағаныңды сезіне білу нағыз бақыт дер едім.

Нұрәкім ЕСЖАН, 
Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы:

Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл толуына орай республикалық дәрежеде конференцияның өтуі жергілікті мемлекеттік басқарудың бір саласы ретінде саналатын мәслихаттардың Тәуелсіздік жылдары еткен еңбектерінің бағалануы деп түсінген дұрыс. Онлайн режимде ашық алаңдар өткізу тәжірибесін шынайылыққа айналдыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауын жүзеге асырудың бірден-бір жолы. Кешегі күні халық қалаулылары өз сайлаушыларының ұсыныс, пікірлерін жоғарғы жаққа жеткізуге мүмкіндік алды. Өз кезегінде мен де ауданның егін шаруашылығын өркендету үшін магистралды каналдарды тазалауға қаржы бөлу туралы ойымды жеткіздім. Егер осындай кездесулер жыл сайын болса одан биліктің де, ауыл халқының да ұтылмайтыны анық.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Нұр-Сұлтан қаласы