ШҰҒЫЛ: МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 1462
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәулен ӘШІМБАЕВ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

Жарлық мәтінінде: "Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын", - делінген.

Мәулен Әшімбаев 1971 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Саясат ғылымдарының кандидаты. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі саласында жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым-қараша аралығында - Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000-2002 жылдары - Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары (2006-2011); V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2012-2016); VІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы (2016-2018).

2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 30 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен (12.2007); «10 жыл Астана» медалімен (2008); Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"