ҚАЙҒЫҒА ОРТАҚПЫЗ: 28 ЖЕЛТОҚСАН - ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ

Уақыты: 27.12.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Талғар ауданындағы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырап, бірнеше адамның қаза табуына байланысты Жарлық шығарды. Онда 28 желтоқсанды ел көлемінде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы айтылған.

"Алматы облысының Талғар ауданында жолаушылар ұшағының апат болуы салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2019 жылғы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту жариялансын", - делінген Жарлық мәтінінде.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің хабарлауынша, қаза тапқандар саны қазіргі уақытта 12 адамға жетті. Ал жараланғандар саны - 49. Оның ішінде, жансақтау бөлімінде жатқандар бар. Бүкіл халықты қара жамылдырған оқиғаға байланысты төтенше жағдай қызметкерлері бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін екендігін айтады.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан "Bek Air" компаниясының ұшағы биіктігін жоғалтып, Талғар ауданына қарасты Гүлдала мен Әлмерек елді мекендері аралығына құлаған еді. Ұшақ бортында 100 адам болған. Оның 95-і жолаушы.

Қайғылы жағдай кезінде қазақстандықтар ауызбіршілігін көрсетіп, жараланғандарға көмек көрсетуге ұмтылуда. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы қан тапсыратын орталыққа адам өте көп келген. Сонымен бірге, апат болған аймақтағы ауыл тұрғындары шатыр тігіп, жиналғандарға тегін ыстық тамақ таратып жатыр.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Талғар ауданы

Алматы облысы