"КӨМЕКТЕСЕМІЗ": ДЕПУТАТТАРДЫҢ ӨҢІРЛЕРГЕ ЖАСАҒАН САПАРЫ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 16.01.2020
Оқылды: 1377
Бөлім: САЯСАТ

Алматы облысына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары екі апта бойына елді мекендерді аралады.

Текелідегі кездесу

Халық қалаулылары Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ пен Марат БОПАЗОВТЫ «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА Жетісудың жауһары атанған Текеліге апарды. Алдымен «Достық» шағынауданында құрылысы аяқталып, қоныстануға дайын тұрған 40 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйді аралап, техникалық жобасымен танысып шыққан халық қалаулылары бөлмелердің орналасуы мен сапасына көңілдері толатынын жеткізді. Меймандарға жаңа үйді таныстырып, жол бастап жүрген Текелі қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сері БОЛЫСБАЙҰЛЫ мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марғұлан БОТАНТАЕВ үйдегі үш бөлмелі 10 пәтердің көпбалалы отбасыларға берілетінін атап өтті.

Содан соң қаланың іргелі білім ордасының бірі №5 орта мектебіне барған депутаттарды кіреберіске қойылған көрмемен таныстырған мектеп директоры Эльмира Иманбердиева мектеп ұжымының қол жеткізген жетістіктерін паш етіп, сөз арасында дарынды оқушыларды тыңдауды ұсынды. Республикалық «Зерде» ғылыми-тәжірибелік байқауының жеңімпазы Нарқыз Жауынбай, 11-сынып оқушысы, тоғызқұмалақтан спорт шебері, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпазы Жансерік Есерхан, озат оқушы, «Азамат» әскери-патриоттық клубының мүшесі Ұлар Қажет өз ойларын кезекпен ортаға салып, мектепке берілген ІТ кабинетте жасаған еңбектерімен таныстырды. Сондай-ақ, 3Д принтерінің мүмкіндігін көрсетті.

Ұстаздармен кездесуде халық қалаулылары қойылған сауалдарға байланысты пікір алмасып, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын сұрастырды. Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көтерілген мәселелердің өзектілігі түсіндірілді. Жуырда барша ұстаз қауымын қуанышқа кенелткен «Педагог мәртебесі туралы» Заңы, біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейтуді және өзіне тән емес жұмыстан босатуды, олардың жүктемесін азайтуды, екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді, үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктерін беруді көздейтін, төртіншіден, ұстаздар қауымын ынталандыру мақсатында қабылданғаны айтылып, мұғалімге зор құрметпен қатар айрықша жауапкершілік жүктейтіні де әңгімеленді. Cонымен қатар, халық қалаулылары моноқаланың экологиясына қатысты мәселелерді қозғап, оны шешудің жолы қарастырылып жатқандығын айтып өтті.

Ұстаздар қауымынан түскен  тілек пен ұсыныстар, ойлар мен пікірлер назарға алынған кездесу соңында «Nur Otan» партиясы Текелі қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Ботантаев пен Текелі қалалық мәслихатының депутаты Э.Иманбердиева «ҚР мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Шора БАТЫРБАЕВ

Текелі қаласы

Заң талаптары талқыланды

Талғар ауданына арнайы іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ пен Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ алдымен қаладағы Д.Қонаев атындағы заң колледжінің және Талғар политехникалық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Одан соң Талғар қаласындағы 64 пәтерлік үйдің жай-күйін көріп, тұрғындармен тілдесті. Сондай-ақ, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық орталық ауруханаға бас сұғып, халыққа қызмет көрсету сапасына баға берді.

Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің ұстаздар қауымымен кездесу өткізген халық қалаулылары «Педагог мәртебесі туралы» Заң төңірегінде әңгіме өрбітіп, келелі ой бөлісті. Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, мерейін асырған жаңа заңның мән-мазмұны, мақсат-міндеттері кеңінен тарқатылды.

– Ел ішіне шыққан осы сапарымызда атаулы әлеуметтік көмектегі өзгерістер мен міндетті медициналық сақтандыру жайын әңгіме өзегіне айналдырдық. Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап жол жүру ережелеріне қатысты да заң тармақтары күшейтілді. Ішімдік ішкен жүргізушіге айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа ғана тартылып қоймайды, ол тиісті жазасын да өтейді. Себебі, жылына жол-көлік апатынан 2 мыңға жуық адамның қаза табатындығы қабырға қайыстырады. Одан кейін «мал-жаның аман ба?» дейтін халқымыздың күнкөріс көзіне айналған қорадағы малын қолды еткендер де түрмеге қамалып, қатаң жазаланады, – деген Амангелді Айдарұлы заң тармақтарындағы өзгерістер жайын тарқата келіп, жаңа жылдың жемісті болуына тілектестігін білдірді.

– «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсартумен қатар моральдық құқын қорғауға да қызмет етеді. Мектеп, колледждерде еңбек ететін мұғалімдердің жалақылары жаңа жылдан бастап 25 пайызға көбейіп, 4 жылда екі есеге артады. Еңбек демалыстары 56 күнге ұзартылады. Соңғы 4 жылда білім саласына бөлінген қаражат 5 триллион 400 миллион теңгеге өсіп отыр. Ендігі жерде аудан әкімдері де бір реттік шарада мұғалімдерге марапат жасай алады, – деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Елікбайұлы оқу орнын бітірген студенттердің еңбекпен қамтылуына қатысты колледж директоры Жақсылық Сатылғановқа сұрақтар қойды.

Колледж басшысы білім шаңырағынан түлеп ұшқан студенттердің 60-70 пайызы еңбекке араласса, 100-ге жуығының жоғары оқу орындарына түсетіндігін тілге тиек етті.

Еліміздегі сан мыңдаған ұстаздардың жүрегіне қуаныш пен үміт ұялатқан «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңға қатысты колледж ұстаздары Баян Дәлелхан, Аяла Дүйсенқожа, Тоқтар Мұқановтар пікірлерін білдірді.

Ұ. БӨРІБАЙҚЫЗЫ

Талғар ауданы

Тұрғындар тілегін тыңдады

Парламент Сенатының депутаты Ләззат СҮЛЕЙМЕН Талдықорған қалалық әкімдігінде тұрғындарды қабылдап, көпшілікті алаңдатқан мәселелерге назар аударды.

Алғашқы болып қабылдауда болған 33 жасар Зарина есімді әйел өзінің қант диабетіне шалдығып, ауруханаға жиі түсетіндіктен жұмыс істеуге мүмкіндігі жетпейтінін, сондықтан әлеуметтік көмек тағайындалса деген өтінішін жеткізе келіпті. Бір баланың анасы, жалғызбасты әйелдің жағдайын жан-жақты зерделей келіп, мүгедектігі 3-топ болғандықтан жұмыс істеуге жарамды болып табылатынын, сондықтан заң шеңберінде жәрдемақыдан өзге көмектің қарастырылмайтынын жеткізген депутат бұл мәселеге  тереңірек үңіліп, денсаулығына салмақ түсірмейтіндей жұмыс тауып беру туралы ұсынысын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына жеткізді.

Сексен жасты алқымдаған әже Шәкен Нұрғалиева 2-топ мүгедектігі бар, 43 жасқа келген, әлі де шаңырақ көтермеген Азамат есімді ұлының жұмыссыз үйде отырғанына алаңдап, оны еңбекпен қамтуға жәрдем етуді сұрай келіпті. Сенатор бірден қандай іске икемі бар екенін сұрап, өзінің ыңғайына қарай аспаздық оқуды оқытып, жұмыспен қамтуға тиісті мамандар ықпал ететіндігін айтып, кейуананы қуантты.

Көпбалалы ана Жанерке Айбек те жұмыс сұрай келіпті. Бұдан біраз бұрын сауда жасап, барлық тауарын ұрлатып, содан шығынға батқан әйел ары қарай қалай күнелтетінін білмей, шарасыз күйге түскен. Мұның да шешімі табылатынын жеткізген Сенат депутаты қысқамерзімді курс оқып, өз бизнесін ашуға болатынын айтып, тіпті «Атамекен» ҰКП өкілдеріне хабарласып табыстап, оған жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

Ақ жаулықты ана Мәдия Алыбаева тауық асырап, кәсіп етсем деп, сол үшін шағын грант сұрай келіпті. Оған да мейлінше көмек қолын созуды Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбековаға тапсырған сенатор бұдан басқа да бірқатар азаматты қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ асты.

Көпшілікті алаңдатқан мәселелер – атаулы әлеуметтік көмек алуға, жұмыссыздыққа қатысты болды. Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен олардың барлығының дерлік шешімін табуға ықпал етіп, мәселенің аяқсыз қалмауын тиісті мамандардың ары қарай қадағалайтынын жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Талдықорған

Өзекті мәселелер қозғалды

Талғар өңіріне табан тіреген ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі Владимир ВОЛКОВ аудандық полиция қызметкерлерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді.

Бүгінде Алматы - Талғар күрежолының тарлығы ертелі-кеш қатынайтын халыққа көптеген қолайсыздықтар туғызып отырғаны аз айтылмауда. Республикалық маңызға ие трассаны кеңейту мақсатындағы құрылыс жұмыстарын бастау – кезек күттірмес маңызды мәселе екендігін аудан әкімі Жолан Омаров сапар барысында баяндады. Сондай-ақ, күрежол бойынан жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпірлер салу қажеттігін халық қалаулысына құлаққағыс етті.

Аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Қасым бастаған сала қызметкерлерімен кездесуде сенатор құқық қорғау саласына республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, тың жобалардың жүзеге асуына қолайлы жағдай жасалып отырғандығын тарқатты. Осы мақсатқа бағытталар биылғы жылдың шығын көлемі шамамен 1,456 триллион теңгені құрамақ. Басқосуда аудан көлемінде орын алатын түрлі қылмыстың алдын алуда, мал ұрлығына тосқауыл болуда жұмысты ширату қажеттігі сөз болды. Сонымен қатар, учаскелік полиция қызметкерлерінің жетіспейтіндігі тілге тиек етілді.

Бұдан кейін В.Волков аудандық ауруханаға ат басын бұрып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Соңғы кездері ақ халаттыларға сын жиі айтылып жатқанын жасыруға болмас. Әсіресе, жедел жәрдем шақыртудың қиындығы науқастардың жүйкесін жұқартатыны ащы да болса ақиқат. Сол себепті, мекеме басшылығы жедел жәрдем қызметін облыс орталығынан аудандық ауруханаға қайтару қажеттігіне назар аудартты.

Өз кезегінде Сенат депутаты В.Волков кездесуде көтерілген мәселелерді аяқсыз қалдырмай, дұрыс шешім табуына ықпал ететіндігін айтып, сапарын қорытындылады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы