ҚЫТАЙДАҒЫ ВИРУС: "ҚОРҒАС" ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖАБЫЛДЫ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 1310
Бөлім: САЯСАТ

«Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы Қытайда тарап жатқан коронавирусты алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың 15 ақпанына дейін жабылды. Бұл жайында Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

– Алматы облысында Қытай Халық Республикасымен шегаралас алты пункт бар. Бүгін аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов барлық шегара маңындағы пункттердегі жұмысты жіті қадағалауды тапсырды. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиналыстың хаттамасына сәйкес тапсырылған тармақтарға ерекше назар аударды, – деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Барлық мемлекеттік шегаралас пункттерде санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон жұмыстарын атқару бойынша бақылау күшейтілді. Іссапарға жіберілген медицина қызметкерлері толықтай жылуға ден қойғыш стационарлық жабдықтармен, обаға қарсы арнайы киімдермен, оқшаулағыш құралдармен қамтамасыз етілді.

Алакөл, Ұйғыр және Панфилов аудандық орталық ауруханаларына түскен науқастарға арналған қосымша резервтік төсек орналастырылды.

- Соңғы оқиғаларға байланысты облыс басшылығы Үкіметке «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын уақытша жабу туралы бастаманы ұсынды. Премьер-Министр бұл ұсынысты қолдады. Өйткені, мұнда тек Қазақстан тарапынан күніне келушілер саны 3 мың 500, ал Қытай тарапынан 7 мың адамға дейін жетті. Осыған орай, «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы 15 ақпанға дейін жабық болады. Егер тағы да мәселеге байланысты орталықты жабу қажет болса мерзім ұзартылады. Бұл шешімге Қытай тарапы қарсылық білдіріп жатқан жоқ, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды