"БҰЗАҚЫЛЫҚ": ПРЕЗИДЕНТ ҚОРДАЙДАҒЫ ТӨБЕЛЕСКЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 08.02.2020
Оқылды: 1273
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты шұғыл пікір білдірді.

«Жамбыл облысы, Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев "Twitter" парақшасына.

Айта кетейік, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғаны туралы бейнематериалдар әлеуметтік желі арқылы тез тарап, көптің талқылауына түсті. Әртүрлі ұялы телефоннан түсірілген бейнематериалдарда ұлт араздығын тудыруға итермелейтін лексикон қолданған адамдарды көп кездестіруге болады. Тіпті, белгісіз ғимараттарды бұзып, терезелерін сындырып жатқандарды, кейбір жерде өрт шыққанын, арнайы әскери адамдар тиеген көліктердің жаппай төбелес орын алған ауылға кіргізілгені анық көрінеді.

Жамбыл облыстық полиция департаменті төбелестің неден шыққаны анықталып жатқанын, жалған ақпараттарға бой алдырмау қажеттігін мәлімдеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"