Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: "АССАМБЛЕЯНЫҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ ШЕТЕЛДЕ ДЕ ТОЙЛАНАДЫ"

Уақыты: 10.02.2020
Оқылды: 545
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы Елбасының туған жері – Шамалған ауылында ел есінде қаларлық елеулі шаралармен бастау алды.

Мерейтойға орай Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясын өткізу жұртшылықтың қызу қолдауына ие болғанын айта кету керек. «Кез келген сапар балалықтан басталады» демекші, аталмыш экспедицияның Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері – Үшқоңыр тауының бөктеріндегі  Шамалған ауылынан бастау алуы да заңдылық.

Жобаның басты міндеті – Елбасының «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздіктің толғауы», «Ұлы Даланың жеті қыры» сияқты бағдарламалық еңбектерінің негізінде жалпыұлттық құндылықтарды насихаттап, бірлік пен келісімді нығайтудың маңыздылығын әлемге әйгілеу.

Бұл күні Шамалған ауылында былтыр ғана Елбасы әулетінің қолдауымен бой көтерген «Үшқоңыр» денешынықтыру-сауықтыру кешені ерекше кейіпке енгендей. Кешен ғимаратының кең де еңселі залында тыңдаған адамның рухын асқақтатып жіберетін жігерлі әндер шараға жиналған қауымның көңіл-күйлерін көкке өрлетіп, тарихи шақтың  салтанатын асыра  түседі. Үлкен лед-экраннан халықтық экспедицияның тақырыбы менмұндалап, тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қол жеткізген табыстары, Елбасының өмірі мен қызметі жайлы бейнебаян  көрсетілуде. Еліміздің әр аймағынан келген мәртебелі меймандар, облыс және аудандардың өкілдері, Елбасымен бірге оқып, балалық, жастық шақтарын бірге өткізген қадірменді қонақтар, кейінгі толқын жастардың үлкен тобы мереке мәртебесін арттыра түскен.

Мемлекетіміздің Гимнін қолдарын жүрек тұсына қойып бірге шырқаған алқалы басқосудың құрметті қонақтары «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасының ашылуын үлкен қошаметпен тамашалады. Спорт шебері Саламат Наурызбаев, «Жас көшбасшы – 2019» байқауының жеңімпазы Владимир Чепель, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дамир Дигай, ҚХА мүшесі, облыстық чешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Адам Бойсаев экспедицияның туы мен күнделігін салтанатты түрда ортаға алып шықты. Осынау көңіл толқытарлық мезетте жастардың «Елбасымыз – кемеңгер. Көші түзу, кемел ел!»  деген ұраны биік те кең кешеннің ішін жайлап жүре берді.

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталов жиналған жұртшылықты айтулы шараның басталуымен құттықтады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойының Жетісу жерінде, соның ішінде, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасының туған жерінде басталғаны біз үшін үлкен абырой. Тәуелсіздігін енді алып, егеменді мемлекет құру кезінде ел бірлігін берік ұстау жолында бұл құрылымның атқарған қызметінің аса маңызды болғанын біз жақсы білеміз, – дей келе Амандық Ғаббасұлы Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған ірі жобалар мен ел дамуына Ассамблеяның қосқан үлесі жайлы, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық табыстары турасында нақтылы деректермен баяндап берді.

Осыдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев мінберге көтеріліп, «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасының маңызы, экспедиция барысы жайлы баяндады. Ол өз сөзінде ұлтаралық татулық пен конфессияаралық түсіністікті қалыптастырудағы Ассамблеяның атқарған рөлі жайлы айтып, конституциялық құрылымның 25 жылдығының еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар, шетелдерде де тойланатынын тілге тиек етті.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова шараға арнайы келді. Ләззат Жаңылысқызы жиналған жұртшылықты айтулы шараның басталуымен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.

Елбасының сыныптасы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков айтқан әңгіме де тыңдаған жанды бейжай қалдырмаған еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жетекші журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Ассамблея мүшелері Наталья Хоменко мен Роза Абилова Елбасымен кездесу кезінде алған әсерлері мен Ұлт көшбасшысының қарапайымдылық, сезімталдық, көрегендік қасиеттерін тебірене толғады. Ал «Жаңғыру жолы» өңірлік жастар қозғалысының мүшесі Фаризат Худжиева болса сонау сұрапыл жылдары жер аударылып келген атасы Хазірет пен  әкесі Хызыр Жаджиевтың отбасын қамқорлығына алып, қатарға қосылуына тікелей ықпал еткен Елбасының әкесі Әбіш туралы жүрекжарды пікірін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші Отаны – Шамалған ауылында бастау алған «Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы Елбасы еңбек жолын бастаған, шыңдалу мектебінен өткен Қарағанды өңірінде жалғасын табуы заңдылық. Осыған орай Қарағанды облысынан арнайы келген делегация өкілдері ортаға шығып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қолынан экспедицияның туы мен күнделігін салтанатты түрде қабылдап алды.

«Тұңғыш Президент жолымен» атты халықтық экспедициясы жалпыұлттық жобасының басталу салтанаты Жетісу өнерпаздарының ән-жырымен ерекшеленді. Жиналған жұртшылық алдында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Талдықорған әуендері», «Үшқоңыр» ансамбльдерінің әншілері әуелете ән шырқап, «Алтынай», «Шағала», «Ачимноуль», «Туған жер», «Солнышко», «Темп» би ұжымдары түрлі ұлтттардың билерін жұртшылық назарына ұсынған.

Осыдан кейін мәртебелі меймандар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына арнайы ат басын тіреді. Бұл жерде Жансейіт Қансейітұлы орталыққа ҚХА атынан естелік сыйлық пен Елбасы туралы жазылған кітаптарды сыйға тартса, «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ақын Мақпал Тәжмағанбетова «Аманат» атты өлеңін тебірене оқыды.

Қатысқан қонақтар Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайы мен «Батыр бабалар» мемориалында болып, елінің еркіндігі мен жерінің азаттығы жолында қан төгіп, жан берген аға ұрпақтың рухына тағзым жасады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы