"ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ": БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ ҚОРДАЙДАҒЫ СОҢҒЫ МӘЛІМЕТТЕРМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 12.02.2020
Оқылды: 1236
Бөлім: САЯСАТ

Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы соңғы жағдайлар жайлы мәлімет берді. Бұл туралы "Tengrinews.kz" тілшісі жазды.

- Бүгінде жалпы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатыр. Бес күнде 178 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың 19-ы - полиция қызметкерлері. Өкінішке қарай, 10 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіліп жатыр. Комиссия мүшелері Мемлекет басшысының атынан көңіл айтып жатыр, - деді жаңа әкім Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 33 адам әлі ауруханада. "Қордай ауруханасында - 13 адам, Алматыда - 20 адам жатыр. Қырғызстандағы ауруханаларда жатқандар Алматы мен Таразға ауыстырылды. Барлығына медициналық көмек көрсетілуде. Қордайға Алматыдан мықты, танымал дәрігерлер келді", - деді Жамбыл облысының әкімі. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев 10 ақпаннан бастап барлық мектеп пен балабақшаның әдеттегідей жұмыс істеп жатқанын айтып өтті.

- Жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар үйлер мен сауда орындарын салуға жұмылады. Бизнесмендермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар көмек көрсетуге дайын, барлық мүмкіндікті пайдаланымыз. Жалпы жағдай бақылауда. Барлығы дұрысталады деп ойлаймын, - деді жаңа әкім.

Еске салайық, 10 ақпанда Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Б.Сапарбаев түрлі уақытта министрлер кабинеті аппаратының басшысы, бірнеше өңірде әкім, Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды