"ЖҮРЕКТІҢ ІСІ": МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕРІКТІЛЕРДІҢ ФРОНТ-КЕҢСЕСІН АШТЫ

Уақыты: 12.02.2020
Оқылды: 1763
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ еріктілер мемлекеттік наградаларға ұсынылып, оларға жан-жақты қаржылай көмек көрсетілетінін айтты. Бұл туралы ол Еріктілер жылы аясында «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылуында мәлімдеді.

Нұр-Сұлтанның төрінде, ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында еріктілердің жұмысы ресми түрде ашылды. Шараға қатысқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысының қозғалысының Құрметті елшісі атанды. Шара барысында «QAZVOLUNTEER.KZ» онлайн платформасының қызметі және еріктілер жұмысының «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша алаңдары таныстырылды.

- Волонтерлік – бұл жанның күйі. Волонтерлер – ерік білдірушілер, ықтиярлық танытушылар. Бүгін мен Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының Құрметті елшісі болуға келістім. Онсыз да Төтенше және Өкілетті елші деген дипломатиялық дәрежем бар, бірақ волонтерлер қозғалысының Құрметті елшісі деген мәртебені одан да маңыздырақ санаймын, – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың қанында бар қасиеттерді тарқатып өтті. – Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі. Сондықтан, бәріміз міндетті түрде бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет.

Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы жергілікті мәселелерді шешу үшін шағын гранттар бөлу қарастырылуда. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек берілмек. Қасым-Жомарт Кемелұы: «Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады», – дей келе, бұдан былай волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып саналып, волонтер студенттерге қосымша шәкіртақы және пән кредиттерін жабуға рұқсат берілетінін баяндады.

- Ғұлама Абай "Адамзаттың барлығын сүй бауырым" деп баршамызға өсиет қалдырды. Волонтер болу - жүректің ісі, яғни, шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен Волонтер жылы аясында, ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы, әрі табысты болыңыздар, - деді Мемлекет басшысы.

«Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылуы екі күнге созылды. Қазақстанның барлық аймағынан келген еріктілер бірнеше күндік шарада министрлермен кездесіп, білікті мамандардың семинар-тренингіне қатысады. Сонымен қатар, өз жобаларын ұсынып, әріптестік байланыс орнатып қайтады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Нұр-Сұлтан қаласы