ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІ: БІЗДІ БҰЛ ҚИЫНДЫҚТАН БІРЛІК ҚАНА ҚҰТҚАРАДЫ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 1647
Бөлім: САЯСАТ

Жаһанға қауіп төндірген індет біздің елді де айналып өтпей, қазірдің өзінде зиянын тигізіп жатыр. Мемлекетте төтенше жағдай енгізіліп, барлық аймақта коронавирустың алдын алу үшін толассыз жұмыс жүргізілуде.

Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Үндеу жариялап, 90-ныншы жылдардағыдай қиын кезең деп баға берді. Сонымен бірге, қатаң үнемшілдікке дайындалу керектігін ескертті. Иә, қазақ халқының басынан небір зұлмат жайттар өтті. Ашаршылық, жаппай қуғын-сүргінді де басынан кешірді. Бірақ сын сағатта сынып кетпей, береке-бірліктің арқасында бәрін жеңіп шықты. Сол секілді осы жағдайда да “Ырыс алды – ынтымақ” деген халқымыз бұл қиындықты асқан бірлікпен жеңіп шығып, жаймашуақ шаққа қайта оралып, гүлденген мемлекет ретінде қанатын кеңге жаятынына сенім мол.

Елбасының: “Жаңадан мемлекет құру оңай емес, ал оны сын-қатерден қорғау және тәуелсіздікті сақтап қалу одан да қиын. Бізде тәжірибе де, нақты іс-әрекет алгоритмі де бар. Мен ұлтты ұйыстырудың, бірлік пен қоғамдағы келісімнің маңыздылығын үнемі айтып келемін”, - деген сөзі әрбір қазақстандықтың санасына ұялап, бағдары болуы тиіс.

Күн демей, түн демей, еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына барынша қолдау көрсетіп, тәртіпке бағынайық. Батыр Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпке бағынған құл болмайды”, - дегенді бекер айтқан жоқ. Сондықтан, үрей туғызбай, жұртты тыныштыққа шақырып, әрбіріміз жұмылған жұдырықша күн кешейік. Дертпен күресу үшін кәсіпкерлер қомақты қаржы бөліп, халықты қажетті азық-түлікпен қамту бағытында да толассыз жұмыс істелуде.

Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, нағыз қазақтың бойына біткен ерік, жігер, еңбеңқор қалпымызбен ауызбіршілігімізді танытайық. Сонда ғана бұл қиындықты еңсеріп, жеңіп шығамыз.

Нұргүл ЖЕКЕНОВА,

Алматы облыстық сотының судьясы

* * *

Еліміз қиын-қыстау күн кешкенде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ үнемі «Қазақстан Мәңгілік Ел болады» деп халықты жігерлендіретін. Осы жолы да Тұңғыш Президентіміз дүниежүзін дүрліктіріп отырған індеттің таралуына байланысты халықты ұстамдылыққа, сабырлыққа, бірлікке шақырып, Үндеу жариялады.

Үндеуде барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. Сонымен қатар, зауалды еңсеру үшін әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс екенін айтты. Осы міндеттерді біз ел болып жұмыла қолдауымыз керек.

Иә, ел басына қиын-қыстау күн туғанда біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта еліміздің жеткен жетістігі мен бағындырған белесі көп. Бірлікте болып, бір-бірімізді қолдасақ, елді дүрліктірген қиын кезеңді де еңсереміз.

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

* * *

Қазіргідей күллі әлемді дүрбелеңге салып, дүрліктіріп отырған коронавирус дерті біздің елімізге келіп, көпшіліктің алғаусыз көңіліне күдік салғаны рас. Осындай ауыр күнде ел мен жердің игілігі үшін еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін ортақ міндетке үлес қосып, жарияланған карантинге сәйкес жөнсіз жүрісті тыюы керек деп білемін.

Ел басына түскен қиындыққа байланысты Елбасы арнайы Үндеу жариялап, халықпен бірге екендігін ашық айтты. Шынайы ниетімен өзі іргетасын қалаған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы сындарлы кезеңде жұдырықтай жұмылып, бірлесе қадам басуы керектігін ұғындырды. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы ірі кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларын жұмыскерлеріне қолдау көрсетуге шақырды.

Айтқанын сөзбе-сөз мысалға алу жөн болар, өз сөзінде: «Компания иелері өздерінің қол астында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін. Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде босатқан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал. Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан шығармауға шақырамын. Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлықтарыңызды көрсетесіздер. Еліміздің кен өндірісі мен шикізат ресурстарын өңдеу және өнеркәсіп саласындағы ірі инвесторлар да Үкіметпен, әкімдіктермен бірлесе отырып, өздері жұмыс істеп жатқан өңірлердің тұрғындарына қолдау көрсетуге тиіс. Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы көптің көңілін күпті еткен мәселенің шешімін көрсетті.

Иә, қазіргі жағдай бәрімізге ортақ ауыртпалық. Оны бірлескенде ғана, ортақ мүддеге күш біріктіргенде ғана жеңе алатынымыз анық. Ендеше, Елбасы айтқан тұтастығымызды танытатын тағдырлы күнде өзгенің де жайын ойлауды ұмытпайық дегім келеді.

Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ,

Алматы облыстық мәслихат депутаты

* * *

Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы дағдарысы мен жұртты елеңдеткен коноровирстың әлегі еліміздің де экономикасы мен адамдардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Былайша айтқанда, біздің азаматтығымыз, елдігіміз сынға түсіп тұр деген сөз.

Десе де, дағдарысқа қарсы елімізде атқарылып жатқан жаңа жобаларды, індетке қарсы қабылданған шараларды көріп, көңілге сенім ұялады. Осыған орай, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу жолдап, елді сабырға шақырды. Және онымен күресудің бағыт-бағдарын көрсетті. Үндеуде: «Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан да күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Барлық ауыртпалықты жеңіп, әрдайым ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек етіп келеміз. Осы жолғы сынақты да ел болып еңсереміз деп сенемін», – деп, елдік сана мен татулықтың әрқашанда керек екендігін атап көрсетті.

Әрине, береке-бірлік болған жерде алынбайтын қамал жоқ. Оның үстіне, бүгінгі таңда азаматтардың ар-ожданын ояту бүкіл ұлтты оятқанмен бірдей саналатын маңызды іс болмақ. Үндеуде еліміздегі дайындық шаралары мен кәсіпкер азаматтардың да көптеп көмек көрсетіп жатқаны айтылды. Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен де қазақстандықтарды құттықтап, жүрегімізді жібітті.

Тарихты парақтап отырсаңыз, әр дәуірде мемлекет құраушы ұлттардың алдына үлкен сынақ жиі кездесіп отырған. Тәуелсіздік жылдарында да ондай сынақтың талайын жеңдік.  Осы бір жұртты алаңдата бастаған келеңсіздіктен аман-есен шығып, болашақ мақсаттарымызды баянды жүзеге асырамыз десек, бас пайдасын көксейтін қанағатсыз, нысапсыздыққа негізделген идеологиядан арылып, жалпы ұлттық құндылық пен ынтымақты ту еткен береке-бірлікті сақтауымыз керек. Ешқандай қиындық рухы мығым елдің еңсесін түсіре алмайтыны естен шықпағаны жөн.

Оралбек ЖАҚИЯНОВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы

* * *

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуінде әлемді алаңдатқан коронавирус жұқпасынан аман шығудың жолдары айтылды.

Мен дәрігер ретінде айтарым, елге темірдей тәртіп керек. Біздің жанкешті еңбегімізге көп болып көмектесіңіздер. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, дәрігерлер қиын кезге дайындықты бастап кеттік. Төсек-орын жеткілікті, дәрігерлер елдің амандығына қызмет етуге тас-түйін дайын.

Бұл – елдің бірлігі мен төзімі сыналар кез. Жалпы, облыс бойынша жұқпалы ауруларға арналған 550 төсек дайын. Оның 237-сі балаларға, 313-і ересек адамдарға арналған. Сонымен қатар, 202 реанимациялық төсек жабдықталған. Медициналық орындарда қосымша 479, 517 провизорлық және 1161 карантиндік төсек-орын жабдықталды.

Мен білетін мәлімет бойынша, амбулаторлық және стационарлық деңгейде 38 инфекционист, 143 анестизиолог-реаниматолог, 8 нефролог, 12 трансфузиолог, 98 невролог және 447 терапевт-дәрігер жұқпаны емдеушілер сапында тұр. Күдігі бар науқастарды емдеуге жатқызу 7 медициналық ұйымда дайындалған провизорлық бөлімшелерге жатқызылады. Талдықорғанда КВИ-мен (коронавирус) байланыста болған адамдарды бақылау үшін 400 карантиндік төсек-орын дайын.

Дәрігерлер демалысқа жіберілмейді. Кейбір үйдегі дәрігерлерді де шақырып алып жатырмыз. Біз жанымызды түйіп жүргенде, тұрғындар да қауіпсіздік шараларын сақтап, бізге көмектессе екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев короновирустан сақтануға арналған Үндеуінде: «Біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек» деген сөзі бізге күш берді.

Сын сағат келді, ағайын! Бір болайық! Бұл қиындықтан темірдей тәртіп пен сенім алып шығады.

Сәуле ҚҰСМОЛДАНОВА,

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры

* * *

Пандемия деп жарияланып, дүмпу тудырған індет қазақстандықтарды да алаңдатуда. Ел басына қиындық туған сәтте Елбасы Н.Назарбаев Үндеу жариялап, халықты сабырлық танытып, бірлесіп күресуге шақырды. Қауіпті көріністі «Дүлей дауыл» ахуал деп сипаттап, билікке сенімділік танытып, қолдау білдірудің маңыздылығын атап өтті.

«Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау», – деді Тұңғыш Президент.

Елбасы қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының залалын азайту және экономиканы тұрақтандыру бағытында арнайы штаб жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, қатерлі дертпен күресуге қаражат жиналатын арнайы қор құрылып, филиалдары карантинге жабылған аймақтарда жұмыс істемек.

Осындай сәтте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлікте болу аса маңызды. Көпшілікті қорқыныш пен үрей мазалайтыны сөзсіз. Ол орынды. Соның өзінде даурықпай, сабырлық сақтау керек.

Біз бірге екенімізді естен шығармайық!

Серік ШҮЙКЕМБАЕВ,

С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры

Ескелді ауданы

Сурет ғаламтордан алынды