"ТЕГІН БОЛУЫ КЕРЕК": Қ.ТОҚАЕВ САЛА БАСШЫЛАРЫНА БІРНЕШЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ

Уақыты: 23.03.2020
Оқылды: 1004
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Жиын барысында еліміздің экономикалық-эпидемиологиялық ахуалы қозғалды.

Алдымен әлемдегі жағдайға тоқталған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Қазір бәріміз күрделі ахуалды бастан өткеріп жатырмыз. Осы орайда билік органдарына зор жауапкершілік жүктеледі. Мұны естен шығармайық. Бұл міндетті баршамыз абыроймен атқаруымыз керек, – дей келе, Үкімет, Ұлттық банк және басқа да органдардың қолға алған жұмыстарына қатысты баяндамаларды тыңдады.

Экономиканың әлсіреуі мен коронавирустың таралу деңгейі жөнінде Үкімет басшысы Асқар Мамин баяндады. Ол мұнай бағасының баррельге шаққанда 20 долларға дейін төмендегенін айтып:

– Қаржылық дағдарыстың жаңа толқыны пайда болуы мүмкін. Нарықты тұрақтандыру бағытында іс-шаралар жоспары құрылған. Бюджетті 500 млрд.теңгеге дейін қысқарту үшін жұмыстар жасалуда. «Жұмыспен қамту жол картасының» жаңа үлгісі дайындалуда. Қарапайым заттар экономикасына 6 пайыз мөлшерінде 600 млрд.теңге бөлінді. Сондай-ақ, 8 пайыз көлемінде шағын, орта бизнеске 600 млрд.теңге қаражат бөлінді, – деді.

Үкімет басшысы пандемияға қатысты атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, 1198 адам стационарлық карантинде болса, 3017-і үй карантинінде. Одан бөлек, колледж білімгерлерінің 93 пайызы және жоғары оқу орнының студенттері толықтай қашықтықтан оқытылуда. Кері қайтуға ниет білдірген 7,4 мың шетелдегі қазақстандықтың елге оралу мәселесі қарастырылуда.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы әлеуметтік-диагностика жасауға арналған аппараттың жетіспейтінін, елдегі биотехнологиялық орталықтарды арнайы аралайтынын айтты. Індеттің бар-жоғына байланысты халықты тестілеуден өткізудің маңыздылығын әңгімеледі. Оның үстіне тестілеу нәтижесіне көп уақыт кететінін ескере отырып, экспресс-тест сатып алуды керектігін де жеткізді.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде қолда 6000 тест бар, жуық арада 155000 тест сатып алынбақ. Сонымен қатар, Қытай елімен келіссөздер жүргізіліп, гуманитарлық көмек сұралады. Өйткені, Қытай мемлекеті өз медицинасының жоғары деңгейде екендігін көрсете білді.

Жиында Ұлттық банк өкілі Ерболат Досаевқа несие, пайыздық үстеме сынды мәселелер екінші планға өту керектігін екінші деңгейлі банктерге ескерту тапсырылды. Басқосуда Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының әкімдері карантинге жабылғаннан кейінгі ахуалды баяндады. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне сүйенсек, шаһарда 13 індет ошағы анықталып, қоршауа алынған.

Ішкі істер министрінің ақпаратынша коронавирус жұқтырған деген күдікпен 15 адамға іздеу салынды. Арнайы киіммен қамтамасыз етілген 1200 ерікті құқық қорғау қызметкерлеріне көмек қолын созуда. Айта кетерлігі, төтенше жағдай режимі енгізілгелі жол-көлік оқиғасының орын алуы 2,5 есеге азайған. Режимді бұзған 100 адамға тиісті шаралар қолданылған.

Отырысты қорытындылаған Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі тұрақтылықты сақтауға арналған басқа да шараларға тоқталды.

- Коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейту керек. Бүкіл әлем бойынша бұл дертке 300 мыңнан астам адам шалдықты. Вирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемей отыр. Әлем елдері індетпен барынша күресуде. Менің тапсырмам бойынша елімізде төтенше жағдай жарияланды. Елордамыз бен Алматыда карантин режимі енгізілді. Мұны дер кезінде қолға алынған шаралар деп есептеймін. Қазіргі уақытта індетке шалдығушылар қатары қатаң карантиндік шаралар кеш қабылданған елдерде көп. Инфекцияның таралуын тоқтату үшін изоляциялық шараны күшейту қажет. Өзге мемлекеттерден түсетін жағымды-жағымсыз ақпараттарды сараптай келе, біздің  медициналық жүйеміз кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Біз қолдан келгеннің барлығын жасадық деп айтып, саябырсуға болмайды. Елорда мен Алматыда карантин аймағының толық оқшаулануын қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілердің қалаларға ену мүмкіндігін болдырмау маңызды. Жақын арада басқа да ірі қалаларды жабу қажеттілігін анықтау қажет. Карантинге орналастырылған адамдарға қойылған талаптарды бұзғаны үшін жаза қолдану қажет, – деді Президент.

Карантин кезінде Алматы қаласының өзінде кәсіпорындағы жұмысшылар саны 266 мың адамға азайған. Осыған ұқсас жағдай жеке кәсіпорындарда да байқалады. Яғни, олардың 80 пайызы өз қызметін тоқтатты. Алдын ала есептеулер бойынша қазіргі жағдай 500 мыңға жуық азаматтың қаржылық жағдайына кері әсер етті. Соған орай төтенше жағдай кезінде кірісін жоғалтқан жандарға 1 айлық жалақы (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем төлеуді тапсырды.

Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде адамдар мобильді технологияны белсенді пайдаланады. Осыған байланысты Президент төтенше жағдай кезеңінде ұялы байланыс пен интернетке, әсіресе, білім беру ресурстарына, әлеуметтік желілерге және жедел хабарламаларға қолжетімділікті кеңейтуді жүктеді.

Төтенше жағдай кезінде, тіпті, қарызы болған жағдайда да, байланыс қызметін ұсынуды одан ары жалғастыру қажетттігі де айтылды. Қазақстанның барлық интернет-ресурстарына қолжетімділік тегін негізде болуы керек.

Жиналыс соңында жүктелген тапсырмаларды орындау жұмыстары сала-сала бойынша тиісті тұлғаларға тапсырылды. 

Еңлік ҚАБДЕШ