МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АМАНДЫҚ БАТАЛОВТАН ОБЛЫСТАҒЫ АХУАЛДЫ СҰРАДЫ

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 1122
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВПЕН Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ телефон арқылы сөйлесіп, Президентке өңірдің хал-ахуалы туралы кеңінен баяндады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алдымен Президент облыс әкімінен өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай туралы сұрады. Әкім өз кезегінде өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін, халықтан келіп түскен сұрақтарға жедел жауап беріліп, өтініштердің шешімі жедел қарастырылатынын айтты. Бұл ретте жеке блог, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердің мүмкіндігі кеңінен қолданылуда. Сол сияқты бұл бағытта облыстағы жедел штаб пен call-орталығының жұмысы да белсенді жүргізілуде.

Президенттің коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары жайлы сұрағына Амандық Баталов өңірде ең алдымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын жабу қолға алынғанын, облыс бойынша бастапқыда шектеудің күшейтілген шаралары қабылданғанын, қазір карантиндік режимге көшірілгенін айтты. Алғашқы кездің өзінен-ақ шегаралық аймақтардың берік блокпосттармен нығайтылғаны, әсіресе, Алматыда карантин жарияланған бастапқы уақытта Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қосымша блокпосттар қою, блокпосттарды нығайту, қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылғаны баяндалды. Бұл посттардың барлығын облыстық жедел штаб мүшелері аралап, жұмыс жағдайларын көріп шыққан.

Мұнан соң Президент халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау шаралары туралы сұрады. Облыс әкімі өңірде құрылған қайырымдылық қоры арқылы, волонтерлардың көмегімен мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Табысынан айырылуына байланысты берілетін 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем тұрғындар үшін үлкен көмек болып отыр. «Nur Otan» партиясы арқылы 162 млн.теңге бөлінді, «Біргеміз, Жетісу» қорына 150 млн.теңге жиналды, тағы 100 млн.теңгені меценаттар берді.

Бұдан әрі әңгіме көктемгі дала жұмыстарына ойысты. Амандық Баталов биыл себілетін егістік алқабы шамамен 1 млн.гектарға жуық болатынын жеткізді. Алматы облысы басым бағыттағы дақылдар ретінде қант қызылшасы, жүгері, картоп, алма бақтарына басымдық береді.

- Биыл екі қант зауытын шикізатпен өзіміз толық қамти аламыз. Өткен жылы қант өңдеудің нәтижелі болғандығының арқасында бізде қанттың жеткілікті қоры жинақталған болатын. Бұл қазіргідей карантин жағдайында тек облыстың қажеттілігін қамтуға ғана емес, өзге өңірлерге де көмектесуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті облыс әкімі.

Президенттің тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастауға орталық органдар үлкен қолдау білдірген. Егіс жұмыстарын несиелеуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие беру, «Жетісу» ӘКК арқылы жоғары өнімділікті тұқымдар сатып алу, жеңілдікпен берілген жанар-жағармай материалдары – мемлекет тарапынан көрсетілген осы қолдаулардың барлығы шаруалар үшін зор көмек болып отыр. Бұл орайда жетісулық шаруалардың ризашылығы ерекше екенін де облыс әкімі атап өтті.

Әңгімелесу барысында «Жұмыспен қамту жол картасын» жүзеге асыру жайлы да сөз болды. Облыс әкімі өңірге бұл мақсатқа 109,2 млрд.теңге бөлінгенін айтты. Карта аясында 700-ден астам жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 23 мың жұмыс орны құрылып, облыстағы инфрақұрылымдар жақсартылады.

Бұл қаржының тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Өңірде 23 мектеп тұрғызылады, соның жетеуі осы Карта аясында салынады. Бұл үшауысымды мектептер мәселесін шешуге үлкен көмек болмақ. Сол сияқты 5 аурухананың іргетасы қаланады. 53 елді мекенде сумен қамту, 84 ауылда абаттандыру жұмыстары жасалып, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөнделеді. «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыру барысында жұмысшылардың 50 пайызын жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы алу көзделген.

Мемлекет басшысының жеке қорғаныс құралдарымен қамту туралы сауалына А.Баталов бетперде тігу барлық ауданда жаппай қолға алынғанын айтты. Осы іспен шағын және орта бизнес нысандары, сонымен қатар, Талдықорғандағы «Ажар», Іле ауданындағы «Dolce-Pharm» сияқты ірі кәсіпорындар да айналысып жатыр. Мәселен, «Dolce-Pharm» ЖШС күніне 150 мыңдай бетперде тігіп шығаруда. Бұл ретте коронавируспен күрес шараларына тартылған медицина мамандарының барлығы қажетті қорғаныс құралдарымен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін айтты.

Әңгімелесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарын және басқа да індетпен күрес шараларын атқарушы қызметкерлерді, жалпы тұрғындарды жеке қорғаныс құралдарымен қамтудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, арнайы тапсырды.

Амандық Баталов өз кезегінде Елбасының, Президенттің берген тапсырмаларын орындауда жүйелі жұмыстар атқару жалғаса беретініне сендірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"