Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҚАРА ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАМЫЗ": ЖЕТІСУЛЫҚТАР БІРЛІК КҮНІНЕ ЛЕБІЗ АРНАДЫ

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 292
Бөлім: САЯСАТ

Қадірлі ағайын, құрметті әріптестер! Бірлігі жарасқан, берекесі тасыған жетісулықтарым! Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі саналады. Бір шаңырақтың астындағы достығымыз бен өзара түсіністігіміз одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық келісім берік болсын деймін. Мәңгілік мұратты мақсат тұтқан еліміз жасай берсін!

Рахмет ЕСДӘУЛЕТОВ,

Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы

* * *

Адамзат баласы ежелден ізденіп, армандаған жерұйық мекен ынтымағы жарасқан, табысы мол, болашағы жарқын біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы деп ойлаймын. Шынында біз, қазақстандықтар, ең бақытты халықпыз.

Себебі, 130-дан астам түрлі этнос өкілі қазақтың қасиетті қара шаңырағының астында біртұтас ел болып, достықта, бейбітшілікте тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бақтан: «Қайда барасың?», – деп сұрағанда: «Ынтымағы жарасқан елге барамын!» – деген екен. Сол айтқандай, еліміздің іргесі берік болуы ажырамас ынтымағына тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – Ата Заңда бекітілген қарапайым ақиқат: бір ел – бір тағдыр, тегіміз басқа, тілегіміз бір, азат рухымыз - бақытымыздың кілті, сарқылмас күшіміз – бірлік. Олай болса, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау керек, ағайын.

Құрметті отандастар, сіздерді ең қымбатты, ең маңызды бірлік күні мейрамымен құттықтаймыз! Көк байрағымыз биікте желбіресін. Жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын, мәңгілік Қазақстан жасасын!

Светлана ГАИТОВА,

Алматы облысының Құрметті азаматы,

Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері,

«Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің төрағасы

* * *

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін Қазақстан халқының бірлігі күнінің орны ерекше.

1995 жылдың наурызында дүниежүзіне үлгі болып, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феноменіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Бүгінде әрбір ұлттың салт-дәстүрін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында.

Қазақстан халқының бірлігі күні біз үшін негізгі мереке. Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, достар! Мереке құтты болсын!

Аида ӘЛІМБЕРДИЕВА,

Алматы облыстық өзбек этномәдени орталығының төрағасы

* * *

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз бір ұлттың екінші ұлтқа, бір мәдениеттің басқаға ауысып жойылуына қарсымыз. Сондықтан, мемлекеттік ұлттық саясат туралы айтқанда, халықтар арасындағы тұрақты бейбіт қарым-қатынастың ғана сақталуын емес, сонымен бірге, ұлттық мәдениеттің өзін дамытуды білдіреміз», - деген ұлағатты сөзі еріксіз еске түседі.

Расында 1 мамыр мейрамы ортақ тарих, дәстүрмен біріккен біздің көпұлтты Республикамыз үшін ерекше қымбат. Еліміз бен жерімізде әрқашан бейбітшілік пен ырыс-береке орнасын, мемлекетіміздің іргесі бекіп, шаңырағы асқақтай беруін тілейміз. Себебі, Отанның отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір отбасы ел келешегінің жарқын болуын қалайды.

Руфина УСАНОВА,

«Туган тел» татар этномәдени орталығының төрағасы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды