ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫ: СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ 12 ТАМЫЗҒА БЕЛГІЛЕНДІ

Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 1158
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылдың 12 тамызына белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды.  Бұл туралы "Ақорда" хабарлады. Толық мәтіні төмендегідей:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімінің 2020 жылғы қазан айында аяқталатынына байланысты ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1.Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалсын.

2.Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

3.Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

Ақорда, Нұр-Сұлтан

Сурет - ғаламтордан