АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ЖҮРГЕН ЖЕТІСУЛЫҚТАРҒА "ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ" МЕДАЛІ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 23.06.2020
Оқылды: 1731
Бөлім: САЯСАТ

Күллі әлемді әбігерге салған коронавируспен күресте еліміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, талай қиындыққа төтеп берді. Қиын-қыстау кезеңде ұлтын сүйген жандар індетті өршітпей, жұмыла жұмыс істеді. Осыған орай ел көлемінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен «Біз біргеміз» атты онлайн форум өтті. Ел үшін еңбек еткен жандарға алғыс айтқан шараны жетісулықтар «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы ғимаратында тамашалады.

Шарада Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Бүгінде барлық әлемде, соның ішінде, Қазақстанда коронавирус індетіне қарсы күрес жүргізілуде. Бұл, әрине, өте ауқымды әрі күрделі жұмыс. Індетпен күресу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратылды. Елбасының бастамасымен құрылған қордан да көлемді қаржы бөлініп, мұқтаж жандарға нақты көмек беріліп жатыр. Бұл жұмысты «Nur Otan» партиясы белсенді түрде жүзеге асыруда. Осының барлығы бірлігіміздің бекемдігін көрсетеді. Дегенмен, індет халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Ең алдымен кеселден қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Сондай-ақ, індетті жұқтырған жандардың тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдіремін. Сонымен қатар, күн-түн демей жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының ерен еңбегін де атап өткеніміз жөн. Бұларды бейбіт күннің батырлары деуге болады. Коронавирустың күрделі кезеңін еңсеру жолында тынбай жұмыс істеген жандарға алғысымды білдіремін. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтарға «Халық алғысы» медалін тапсыруды ұйғардым, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Жиын барысында әр сала қызметкерлері сөз алып, елі үшін аянбай тер төгетінін, бірге болса, барлық қиындықты еңсеретінін жеткізді. Иә, ел басына қиын күн туғанда әр сала қызметкерлері белсене жұмыс істеді. Індетпен күреске 42 633 медицина қызметкері, 52 000-нан астам полиция өкілі, 36 670 ерікті жұмылдырылды.

"Біз біргеміз" акциясы аясында 2000-нан астам меценат 100 млрд.теңгеден астам қаржы жинап, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетті. Ұлтын сүйген жандардың арқасында індеттің жаппай таралуына жол бермедік. Сондықтан, бейбіт күннің батырлары барлық марапатқа лайық.

Жиын соңында онлайн шараға қатысқан Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов денсаулық сақтауда, білім беруде, әлеуметтік қорғауда және пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс көрсеткен жандарға «Халық алғысы» төсбелгісін тақты. Атап айтсақ, Кербұлақ ауданы мал дәрігері стансысының бөлім басшысы Бақытжан Бектеміров, «Хабар 24» телеарнасының Алматы облысындағы тілшісі Гүлнар Жантасова, облыстық жол-патрульдік полициясының инспекторы Дәулет Ыдырысов, Талғар аудандық ауруханасының бөлім басшысы Қарлығаш Қасымбекова, Талғар аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Қайрат Мұңалбаев, жеке кәсіпкер Әсем Нұртуған, Көксу ауданының әлеуметтік қызметкері Несіпхан Оразалиев, «Талдықорған-комфорд» компаниясының директоры Дәурен Талипов, жеке кәсіпкер Айнұр Сүлейменханова Мемлекет басшысы тағайындаған арнайы медальмен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы