ПРЕЗИДЕНТ: ТЫҒЫЛЫП ТОЙ ЖАСАЙТЫНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА ҚОЛДАНУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 16.11.2020
Оқылды: 1206
Бөлім: САЯСАТ

Әлемді әбігерге салған коронавирус инфекциясының екінші толқынын болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Десе де, кейбір өңірлерде індет өршіп тұр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ онлайн режимде селекторлық жиын өткізді. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Жағдай тағы да күрделеніп барады. Дерт жұқтырғандар саны күн сайын көбеюде. Қазірдің өзінде екі облыс, яғни, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары қызыл аймақ қатарында. Сондай-ақ, Павлодар және Қостанай облыстарындағы ахуал да құбылмалы болып тұр, – деп қазіргі ахуал және үкіметтің қабылдаған шаралары жөнінде баяндама жасау үшін сөз кезегін  Премьер-министр Асқар Маминге берді. Ол әр облыстағы атқарылған жұмыстар мен шараларды өткенмен салыстыра отырып толықтай тарқатып берді. Сонымен қатар алдағы жоспарларды да баяндады.

– Жалпы елімізде коронавирус инфекциясымен 121 мың адам ауырды. Олардың 92 пайызы емделіп шықты. Бүгінде эпидемиялық тұрақтылық бойынша қарқынды жұмыстар жасалуда. Коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша нақты шаралар қабылданды. Медицина ұйымдарының инфрақұрылымын дамытып, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін өсіру қамтамасыз етілді. Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі шаралар іске асырылды. Атап айтқанда, дәрілік заттардың екі айлық республикалық және өңірлік тұрақтандыру қоры құрылды. Жалпы эпидемиялық ахуал үкіметтің бақылауында. Тәулік сайын мониторинг жұмыстары жүргізіледі, – деді Асқар Ұзақбайұлы.

Бүгінде елімізде жаңа, заманауи стандартқа сай 200 орынды 9 инфекциялық аурухана салынды. Осы айдың соңына дейін тағы төрт аурухана салынады. 14,5 мың орындық инфекциялық аурухана және мың жарымға жуық орындықты реанимациялық аурухана бар. Еліміздің әр өңірлеріне 700 «Жедел жәрдем» көлігі берілді. Осы айдың соына дейін тағы 500-ге жуық көлік берілмек. Ал ПТР лабораториясы көбейіп, тест тапсыру бағасы екі есеге төмендеді. Сонымен қатар, бетперде бағасы да 45 пайызға төмендеген. Бүгінде коронавирус инфекциясымен күреске 30 мыңнан астам дәрігерлер жұмылдырылған. Жағдай күрт өзгерген жағдайда қосымша 5 мың медицина қызметкері мен дәрігер көмек беруге дайын. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек екі есеге дейін көбейту жоспарда.

Жиын барысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі А.Цой баяндама жасады.Ал биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария вакцина мәселесі бойынша баяндама жасады.

Осыдан кейін індет өршіп тұрған облыстардың әкімдері сөз алып, аймақтарында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Әр әкімді мұқият тыңдаған Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты тапсырма берді.

Жиын соңында ел Президенті дәрігерлерді қолдау мақсатында үстемақы төлеуді жалғастыру керектігін айтып, адам көп шоғырланған жерлерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, дәстүрлі білім беру жүйесін қайта қалпына келтіру, карантин кезіндегі жемқорлықпен күрес жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Тойды тоқтаттық дегенмен тығылып той жасап жүргендер жетіп-артылады. Өйткені, бизнесмендерге дүркіретіп той жасап, айыппұл төлеген тиімді. Мемлекет басшысы әр облыс әкіміне осыған байланысты қатаң шара қолдануды жүктеді.

Селектор соңында облыс әкімі орынбасарлары мен жауапты мамандарға Мемлекет басшысының тапсырмасын толықтай орындау, жиі мониторинг жасау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан