Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ҮШ ҚАСИЕТІН АЙТЫП БЕРДІ

Уақыты: 30.11.2020
Оқылды: 887
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Алматы облысы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Амандық Баталов жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Облыс басшысы А.Баталов өз сөзінде алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың даралық қасиеті, көрегендік және көшбасшылық ерек қабілеті туралы айтты. Елбасының дара жолы, өмірлік ұстанымы мен теңдессіз тәжірибесі әрбір адам үшін үлгі бола алатынын да атап өтті.

 - Мен Тұңғыш Президентіміздің өзім тәнті болған ерекше үш қасиетін жастарға үнемі айтып жүремін. Елбасы - мықты стратег, ол кез келген мәселеге кең ауқымда, кеңістік көкжиегінен қарай алады. Және кез келген тақырыпқа тереңінен үңіледі, мәселені жан-жақты зерттеп барып, шешім қабылдайды. Және үшіншісі, алысты көре алатын, келешекті болжай білетін көрегендік қасиетке ие. Біздің жастар Елбасымыздың осындай ерек қырларынан үлгі алса, елжандылық, көшбасшылық, даралық сипаттарын бойына сіңірсе деймін, - деген облыс басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын да күрделі кезеңдерді еске алды. Сол жылдардағы Елбасының батыл шешімдері, жедел қолға алған реформалары, халықпен кездесіп, тілдескен сәттері - бәрі-бәрі әңгімеге тиек болды.

Облыс басшысы өз сөзінде Н.Назарбаевтың ел экономикасын аяғынан нық тұрғызуы, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарламалар түзіп, оларды кезең-кезеңімен іске асыруы, жаңа астананы салуы, Қазақстанды сыртқы саясатта беделді мемлекетке айналдыруы, көрші елдермен достық қарым-қатынас орнатуы – осының бәрін ұзақ жылдарға жасалған үлкен стратегиялық жоспардың жемісі екенін алға тартты.

- Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қандай қиыншылық болғанын көпшілігіңіз жақсы білесіздер. Сол кездерде мен Алматы қаласындағы Жетісу ауданына басшылық еттім. Ауданға қарасты 57 кәсіпоры бар еді, соның түгелге дерлігі тоқтап, елге зейетақы, жалақы берудің өзі қиындап кеткен болатын. Сол кезеңдерде Елбасы түрлі сала мамандарымен, қарапайым халықпен кездесіп, сәл шыдамдылық танытсақ, береке-бірлікте болсақ, бұл қиындықты да еңсеретінімізді айтып, әр жүрекке үміт беріп еді. Расында да сол жемісті жылдарға ұшан-теңіз еңбектің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі күні іргеміз берік, шекарамыз анық, халқымыз бейбіт өмірдің арқасында берекелі тірлік кешіп келеді. Тыныштық – тұрақтылықтың кепілі болып отыр, - деді А.Баталов.

Мұнан соң облыс басшысы елімізбен қатар Алматы облысының да өсіп-өркендеп келе жатқанын тілге тиек етті. Жетісу жері Елбасының туған жері екенін облыс тұрғындары мақтан тұтады. Сол мәртебе лайық еңбек етіп, жетістіктерге жетуге әрбір жетісулық үлес қосып келеді.

- Сарыарқа төріндегі жаңа астананың бас сәулетшісі болған Елбасының Алматы облысының орталығын Талдықорғанға көшіру туралы Жарлық шығаруы да ерекше тарихи шешім болды. Қазір де Тұңғыш Президент елдік мақсат-мүддеге бағытталған істерде бізге жол көрсетіп, әрдайым қолдау танытып келеді. Сол себепті де биылғы жыл коронавирус індетінің таралуына байланысты қиындықтарға толы болғанына қарамастан, облыс жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтағалы отыр. Қазіргі кезде өңір экономикасына 700 млрд.теңгедей инвестиция тартылды. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн.теңгеден асады. Соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты артып келеді. Бұл – Елбасының және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең басты тапсырмалары, - деп атап өтті А.Баталов.

Жиынға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Туған тел» татар этномәдени орталығының төрайымы Руфина Усанова және «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлан Рахметқазынов та Елбасы күніне орай құттықтау тілектерін жеткізіп, жиналғандарға ықыластарын білдірді. Елбасының салған сара жолын, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойған міндеттері мен мақсаттарын орындауда бұдан былай да үлес қосатындықтарын жеткізді.

Салтанатты шарада облыстың бірқатар азаматтары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"