"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАМКӨҢІЛ ЖАНҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗДЫ

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1577
Бөлім: МІНБЕР

Кей уақытта қарапайым адам түйткілді мәселесін кімге айтарын білмей дал болып жүреді. Әрине, қай орынға барса да, «жоқ» немесе «мәселе шешілмейді» деген жауап еститіндей үрей болады бойында. Осы уақытқа дейін құзырлы орындар тарапынан жиі осы тектес жауап алып үйренгендіктен шешімді солай қабылдайды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыруды қай сөзінде де атқарушы билікке тапсырып жүр. Әрине, мұндай саяси жүйені қалыптастыруға «Nur Otan» партиясы әуелден-ақ кіріскен. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, өзекті мәселесінің құзырлы орындар тарапынан оңтайлы шешілуіне де атсалысып келеді.

Жуырда «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалына Айгүл Заводхан есімді өңір тұрғыны келді. Көпбалалы ананы мазалаған шаруа болмаса, беймаза күйге түсіп, партия филиалына атбасын бұрмас еді. Алтын құрсақты ананың жайына құлақ түрер болмағасын, осындай қадамға барып отыр. Әрине, ананы мазалаған шаруа – тұрғын үй кезегіне тұру.

Шарасыз жанның жанайқайын естіген партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ы.Амалбек аудандық тұрғын үй шаруашылығы мамандарын шақыртып, А.Заводханға заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.

Аудандық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Жұртшиев мәселе бойынша тиісті шаруаларды атқарып, алтын құрсақты ананың құжаттарын қабылдап алып, үй кезегіне тұрғызылғанын жеткізді.

Мәселесінің оңтайлы шешім тауып, жағдайына болысқан нақты істер партиясына көпбалалы ана алғыс білдіріп, тілеулес екенін жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"