"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ НЫҒАЙТАДЫ

Уақыты: 06.03.2021
Оқылды: 762
Бөлім: МІНБЕР

Былтырғы 2020 жыл жалпы еліміз үшін оңай болмады. Пандемия көптеген мәселеге жаңаша көңіл аудару қажеттігін ұғындырды. Адам өмірі мен денсаулығының ең басты құндылықтар екені ескеріліп, Елбасының бастауымен, Президенттің қолдауымен жыл басында «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылды. Республика бойынша жүрген бұл үрдісте Алматы облысының жұртшылығы жоғары белсенділік танытып, бұл жағынан басқа аймақтардың арасында алғашқы үштіктің қатарынан көрінді. «Jas Otan» жастар қанаты да бұл бағытта нақты шаралар ұйымдастырып, белсене атсалысты. Соған орай «Nur Otan» партиясының Жетісу жеріндегі аудандық, қалалық филиалдарының былтыр атқарған жұмысы өте ауқымды.

«Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары мен қойған талаптарды орындауда былтырғы жылы және биылғы 2 айда бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, қиындыққа тап болып, жұқпалы дерт жұқтырғандарға көпшілік тарапынан жанды қолдау көрсетілді. Бұл орайда замандастарымыздың қиындыққа ұшырағандарға көмек беруден тартынбағаны қуантады.

Былтыр наурыздың 16-нан бастап «Covid-19» індетінің таралмауы үшін қабылданған карантиндік шектеулерге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуі жарияланды. Аталған Үндеуде сөз болған мәселелерді жүзеге асыру барысында жомарт жүректі азаматтардың демеушілігі мен халықтың ауызбіршілігі анық байқалды. Нақтырақ айтатын болсақ, «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Жастар Отанға» жобалары негізінде «BIZ BIRGEMIZ» атты республикалық акция өткізіліп, Алматы облысында 29 607 мұқтаж жанға 318 889 601 теңгенің көмегі көрсетілді.

Осындай көмектің қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға азық-түлік себеттері мен антисептикалық құралдар таратылды. Осы орайда Іле, Панфилов, Алакөл, Талдықорған, Кербұлақ, Талғар, Қарасай аумақтық партия филиалдары жақсы жұмыс атқарып, тұрғындардың ризашылығына бөленді. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде облыста құрылған «Birgemiz Jetisy» атты аймақтық қорға республикалық «BIRGEMIZ» қорынан   2 223 550 000 теңге аударылып, 44 471 жанға 50 000 теңгеден таратылды. Осының өзі «Nur Otan» партиясының халық пен биліктің арасындағы алтын көпір қызметін ойдағыдай атқарғанынан хабар берсе керек.

Былтыр жоспарға сәйкес облыс көлемінде партияның «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» жобалары аясында игілікті істер ұйымдастырылып, рухани-мәдени кеңістігімізді дүр сілкіндірген шаралар өткізілді. Мысалы, партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен түркі дүниесіне ортақ тұлға, қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы облыстық тілдерді дамыту басқармасы және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен еліміздегі этностардың жас өкілдері арасында «Ортақ Абай» атты көркемсөз оқу байқауын ұйымдастырды. Байқауға Жетісудың барлық түкпірінен 31 үміткер қатысып, өздерінің қазақ әдебиетіне деген құштарлығы мен құрметтерін танытты.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу шеңберінде партияның аймақтық және аумақтық филиалдары төтенше жағдай режимін ескере отырып, бірнеше іс-шара өткізді.

Атап айтсақ, 4-9 мамыр аралығында ұйымдастырылған «#Qaharman» челленджіне 245 адам қатысқаны жайлы әлеуметтік желілерде 119 хабарлама жарияланды. Одан бөлек, Facebook және Instagram желілерінде Ұлы Отан соғысының батырлары мен қатысушылары туралы, туысқандары мен таныстарының өткен өмір жолдары жайлы арнайы посттар жарық көрді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың Жетісу топырағында дүниеге келген қаһармандары мен тыл еңбеккерлері, олардың жауынгерлік және еңбек жолдары туралы «Жеңіс есімдері» деген айдармен 250 материал жарық көрді. Одан бөлек, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай облыстық партия филиалы 23 сәуір мен 9 мамыр аралығында «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты жас суретшілер байқауын онлайн түрде ұйымдастырып, әр аудан, қаладан түскен 800-ге жуық туындыны қарады. Байқау жеңімпаздарына партия тарапынан ноутбук, планшет, ұялы телефон сынды бағалы сыйлық табыс етілді.

Табиғаттың тосын апаты халықты абдыратып, ауыр күйге түсіреді. Былтыр Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының жұртшылығы сондай күйді бастан кешіргені белгілі. Осыған орай, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға» жобалары аясында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында арнайы штаб құрылып, Жетісу жеріндегі барлық аудан, қалалық партия филиалдарынан қаржылай және тұрмыстық заттар күйінде жылу жиналды. Барлығы 14 жүк көлігіне тиелген 200 тоннадан астам азық-түлік пен құрылыс материалдары мұқтаж жандарға жеткізілді.

Өткен жылдың ерекше жаңалығы ретінде айта кететін оқиға – праймериз деуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен партияның саяси дамуы тарихында алғаш рет 17 тамыз бен 3 қазан аралығында республикалық деңгейде праймериз өткізілді. Бұл «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партия жұмысын қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің біріне айналды.

Облыста праймеризге қатысушылардың белсенділігі жоғары болғаны сонша, шара барысында 1108 үміткер тіркелді. Мұның өзі 1 орынға 3,8 үміткерден айналғанын көрсетіп, үлкен бәсекелестік тудырды.

Жалпы, Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттарда депутаттық корпусты нығайту, партиялық ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін мықты көшбасшыларды анықтауды мақсат еткен праймеризге қатысуға ниет білдірген азаматтардың қатарында 404 әйел, 35 жасқа дейін 273 жас, 9 көпбалалы ана, 5 мүгедек жан, 11 қандас бағын сынады. Үміткерлер қатарынан дәрігерлер, ұстаздар, дала еңбеккерлері, кәсіпкерлер мен қоғам өмірінде көзге көрініп жүрген белсенді жастар көрінді.

Соның арқасында халқымыздың саяси өмірдегі мұндай жаңашылдықты белсене қолдайтыны анық байқалды. Оның нәтижесі биылғы 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы дер едім. Сайлау нәтижесі бойынша облыстық мәслихаттан 37 мандат, аудандық, қалалық мәслихаттардан 267 мандат берілген «Nur Otan» партиясы жеңіске жетіп, еліміздегі ықпалды саяси күшке айналғанын көрсетті.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес былтырғы желтоқсан айынан бастап өңірлік Жол картасы әзірленді. Соған байланысты биыл 20 медициналық нысан, 10 мектеп, жастарға арналған 3 жатақхана, 4 мәдениет нысаны, 2 спорт нысаны салынып, пайдалануға беріледі. Алдағы 2025 жылға дейін 134 мың жұмыс орны ашылып, 188,7 км жергілікті маңызы бар автожолдар салынып, 11,9 км жылумен жабдықтау желілері, 99 елді мекенге газ тарату желілері тартылады. Аталған Жол картасының жүзеге асырылуы партияның аудандық және қалалық филиалдары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бақылауына алынады. Осындай игілікті істердің жұртшылықтың қамы үшін қолға алынып отырғаны белгілі.

Облыстық филиалда партиялық бақылау комиссиясы мен консультативті-кеңесші орган – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және қоғамдық қабылдау кабинеті жұмыс істейді.

Бұл «Nur Otan» партиясының жергілікті халықпен арадағы байланысты нығайтуда алтын арқау болып табылады. Бұған әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары көмектесіп, әрбір оқырман мен көрерменге мәселенің байыпты жетуіне ықпал етуде. Интернет желісімен толық қамтылмаған шалғай ауылдардың тұрғындары мерзімді баспасөз арқылы партия мәліметтерімен таныса алады.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы кеңінен аталып өтеді. Атаулы күнді мерекелеуге орай арнайы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес партияның аймақтық және аумақтық филиалдарында 12 бағыттан тұратын 700-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда. Онлайн және офлайн форматта өтетін шаралардың қатарында биыл туғанына 175 жыл толатын Жамбыл Жабаевтың мерейтойы бар.

Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында кәсіби политехникалық колледжі мен Жамбыл ауданында Сұраншы батыр ауылдық Мәдениет үйі салтанатпен ашылып, ұлы тұлғаның 175 жылдығына орай фильм түсіріледі. Одан бөлек, Қапшағай қалалық газетінде «Ұлы дала Жамбылы» атты арнайы айдар шығарылып, Алакөл ауданының Ақши ауылында демалыс саябағы салтанатпен ашылады. Сарқан ауданында ақынның 175 жылдығына орай «Қазақ халқының жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, аудан-қалаларда өлең оқу байқауы өткізіледі.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқудан онлайн челлендждер ұйымдастырылғаны белгілі. Алдағы уақытта Нарынқол ауылында ақын ескерткіші ашылады. Күйші, композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығын мерекелеу аясында жас домбырашылар флешмобы ұйымдастырылады.

Осылайша «Nur Otan» партиясы халық пен атқарушы биліктің арасындағы алтын көпір қызметін жүйелі жалғастыра бермек.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары