АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ПАРТИЯ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСЫП, АЛДАҒЫ МІНДЕТТІ АЙҚЫНДАДЫ

Уақыты: 16.04.2021
Оқылды: 978
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен облыстық Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиын барысында сөз алған Амандық Ғаббасұлы:

– Партия филиалдары сайланбалы органдарының Саяси кеңестерінің, Саяси кеңес Бюроларының бақылау-тексеру комиссияларының өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты ағымдағы жылдың 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында есептік сайлау науқаны өткізіледі. Сондай-ақ, Сайлауалды бағдарламасының бағыттары бойынша аймақтық, аумақтық қоғамдық кеңестер құрылды. Қоғамдық кеңестің төрағалары болып облыстық мәслихат депутаттары, партияның белсенділері енгізілді, – деп алғашқы мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясын шақыру, күн тәртібін және делегаттарды сайлау жөніндегі квотаны Бюро мүшелерінің дауыс беруімен бекітті. Сонымен қатар, есеп беру-сайлау конференциясы 13 мамырда болатынын хабарлады.

Өз кезегінде сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық, өңірімізде 12 қоғамдық кеңес құрылғанын жеткізді. Сонымен қатар, Сайлауалды бағдарлама бағыттары бойынша аймақтық қоғамдық кеңестердің төрағалары мен құрамдарын таныстырды.

Атап айтсақ, өңірлік дамуда Руслан Қожасбаев, аграрлық сектор бойынша Елдос Үшкемпіров, экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша Гүлмира Ахметова, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Серік Мұқанов, білім мен ғылымды дамыту бойынша Гүлжан Ерубаева, ұлт денсаулығы мәселелері бойынша Гүлнәр Құраметова, мәдениет пен өнерді дамытуда «Мирас» қоғамдық кеңесіне Нүсіпбай Әбдірахым төрағалық етеді. Ал экология мәселелері бойынша Мұрат Әубәкіров, жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша Әсет Қыдырманов, жастарды қолдау бойынша Әсел Төлепбергенова, партияның бақылау комиссиясы бойынша Қуат Баймырзаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесіне Римма Салықова жетекшілік етеді.

Соңында бастауыш партия ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарының, конференцияларының өткізу кестесі бекітілді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы