"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТАЛҒАР АУДАНЫНДАҒЫ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Уақыты: 30.04.2021
Оқылды: 1348
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының ХVІІІ конференциясы өтіп, оған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов, «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков және партия белсенділері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы сайланды. Сайлау алдында сөз алған Гүлнар Қожағұлқызы:

- «Nur Otan» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында жалпы 2021 жылы 113 іс-шара мен 24 көрсеткіш көзделген. Осы мақсатта 330,4 млрд.теңге бөлінді. Биыл Талғар ауданында бес ірі іс-шара жүзеге асады. Оның алғашқысы Талғар ауданындағы суармалы жерді қалпына келтіру, екіншісі – Талғар ауданында рұқсат етілмеген полигонды жою, үшіншісі – Талғар қаласындағы №3 мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және қала аумағында жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастау. Сонымен қатар, Ақтас ауылында газ тарту желілерінің құрылысы және Еламан ауылында сумен жабдықтау желілерін қайта құру және жөндеу жұмыстары атқарылатын болады, – деп Талғар ауданы бойынша бірқатар мәселелердің назарда тұрғандығын айтты.

Тарқатар болсақ, Талғар қаласындағы Мелиоратор ықшамауданының тұрғыны Роза Кәрібаеваның тұрып жатқан №23 үйдің төртінші қабатының шатырынан су ағатыны жайлы бірнеше мәрте 111 cаll орталығынан көмек сұраған. Сонымен қатар, Нұра ауылдық округі мен Дулат ауылындағы ауызсу мәселесі әлі күнге шешімін таппағандығы аталды.

Баяндама соңында «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың келісімімен Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіхановтың кандидатурасын ұсынып, өмірбаянымен таныстырып өтті.

Дауысқа салу нәтижесінде Қайдар Әбдіханов бірауыздан «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы болып сайланды. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы өзіне жүктелген жауапкершілікті айқын сезініп, партияның міндеттерін жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмылдыратындығына уәде етті. Төраға сайланғаннан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе – Талғар аудандық партия филиалы саяси кеңесінің 2019-2020 жылдардығы атқарған жұмысы туралы «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков баяндама жасады.

Конференцияда жарыссөзге шыққан партия белсенділері халықтық партияның алға қойған мақсат-міндеттерін атқаруда бірқатар шаралардың жүзеге асқандығын және келешекте де  осы бағытта жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автор

Талғар ауданы

Алматы облысы