1430 ОРЫНДЫ ЖАТАҚХАНА САЛУ ҰСЫНЫЛДЫ

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1125
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаеваның төрағалығымен Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Онда «Жастар – Отанға!» 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жол картасын бекіту мәселесі қаралды.

Жартылай онлайн форматта өткен жиында облыстық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов сөз алып, Бюро мүшелеріне аталмыш бағдарламаны іске асыру жайында баяндама жасады. 
– Облыс бойынша «Жастар – Отанға!» 2025 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған 21 жол карталарының жобасы әзірленіп, қала және аудандық жол карталары толықтай «Nur Otan» партиясының Саяси кеңес Бюросында бекітілді. Жол картасы «Азаматтық белсенділік»,  «Сапалы білім», «Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру», «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді тұрғын үй», «Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу» деп бес бағытқа бөлінген, – дей келе жобаның алдағы жұмысын толықтай тарқатып берді. 
«Жастар – Отанға!» 2025 жылға дейінгі бағдарламасында көзделген барлық 5 бағыт бойынша жол карталарында жалпы саны 16 индикатордан тұратын 40 облыстық, 59 қалалық және 345 аудандық деңгейдегі шара қамтылыпты. Жол карталарының уақытылы әрі сапалы орындалуын және жауапты тұлғаларды бекіту мақсатында облыстық басқармалар, аудан, қалалық жергілікті мемлекеттік органдар, жастар ұйымдарымен келіссөздер жүргізіліп, әр мекеме басшысының қолы және мекеме мөрі қойылған келісім парақтары әзірленген. Партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы, жастарды қолдауға бағытталған «Жастар – Отанға!» бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында облыс бойынша әр деңгейдегі мәслихат депутаттарынан құралған жас депутаттар корпусы және партия жанындағы жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылады екен. Олар облыс жастарының жан-жақты дамуы мен өзін-өзі қалыптастыруы үшін жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқармақ.
Басқосуда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Елдар Сапаров жастар саясатының іске асырылуы бойынша баяндама жасады. 
Жиын барысында студенттерге арналған 1430 орынды жатақхана салу ұсынылды. Сонымен қатар, жыл сайын 2000 жасты тұрақты әрі мерзімді жұмыспен қамтып, жас отбасыларға психологиялық көмек көрсететін орталықтарын ашпақ. Жиын соңында Бюро мүшелері өз ойларын ортаға салып, ақыл-кеңестерін айтып, игі бастаманы бірауыздан қолдады.

Айдар ҚАЛИЕВ