"ӘЛІ ОРЫНДАЛМАЙ ЖАТЫР": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 1430
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси Кеңес Бюросының кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» аясында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, партияның қоғамдық кеңес төрағалары қатысқан жиынды облыс әкімі Амандық Баталов ашып жүргізіп, кеткен кемшіліктерді сынады. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндамасында партияның өңірлік «Жол картасында» 7 басымдық бойынша 2021-2025 жылдарға 24 индикатор және 165 тармаққа 2,7 трлн.теңге қарастырылғанын, соның ішінде 2021 жылға 24 индикатор бойынша 113 іс-шараның орындалуына 297,5 млрд.теңге бөлінгенін айта келе:

- «Жол картасының» орындалуын қадағалау үшін «EasyProject» цифрлық платформасында күнделікті мониторинг жүргізеді. Осыған дейін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында бірінші жартыжылдық пен 8 айдың қорытындысы бойынша басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің қатысуымен 26 мәрте кездесу өтті. Кейбір жобалар әлі де орындалмай жатыр. Сол себепті облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жоспарды аудан, қала әкімдерімен бірге қайтадан пысықтауы керек, – деді. Сондай-ақ, Жомарт Амангелдіұлы құрылыс қарқыны төмен бірқатар нысандардың уақытылы берілмей, аяқтау мерзімінің алдағы жылдарға ауысып жатқанын хабарлады.

Үшауысымды мектептерді азайту мен білім нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде олқылық орын алған. Айталық, жоспарланған 19 мектептің 15-і пайдалануға берілуде. Іле ауданындағы 3 мектеп пен Қаскелеңдегі 1 мектептің құрылысы 7 пайыз бен 11 пайыз аралығында аяқталып, келесі жылы ғана пайдалануға беріледі. Кеген мен Райымбек ауданындағы Мәдениет үйлерінің құрылысы 5 пайызға ғана жүзеге асқан. Талғар ауданындағы Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде өрт шығуына байланысты жоба құны 382 млн.теңгеден 679 млн.теңгеге өскен. Өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс Ескелді ауданы Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысына 764 млн.теңге қарастырылған. Екі жыл бойы тек 65 пайыз, яғни 694 млн.теңге игерілген.

Басқосуда тиісті деңгейде атқарылмаған жұмыстар туралы Ақсу, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Панфилов аудандарының әкімдері баяндама жасады. Әр нысанның құрылысын егжей-тегжейлі сөз еткен аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы:

- Жыл соңына дейін жоспарланған жұмыс аяқталуы тиіс. Әр аудан, қалада «Жол картасының» нысандары бар. Біз алға қойған нақты шараларды өз межесіне сапалы жеткізуді қолға алып, партияның қоғамдық кеңестері, депутаттық корпусымен бірлесіп бұл жұмысты ойдағыдай атқаруымыз керек, – деп әр салаға жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне қатаң ескертпе жасап, аталған кемшіліктерді жою үшін нақты хаттамалық тапсырма берді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы