ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА ПАРТИЯ ТАРАПЫНАН КӨМЕК ТОҚТАМАЙДЫ

Уақыты: 08.11.2021
Оқылды: 1328
Бөлім: МІНБЕР

Тәуелсіздік атты қастерлі ұғымды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мен ұғындыру маңызды міндеттердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты мемлекеттің іргесін қалап, енді егемендіктің төртінші он жылдығына қадам басамыз. Бұл еліміз үшін аса маңызды кезең.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында: «Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек», – деген болатын. Сондықтан, еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау үшін осы бағытта аянбай еңбек етуге тиіспіз. Әсіресе, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды жандандыру керек.

«Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгеру жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша бекітілген Жол картасында көзделген нысандар мен көрсеткіштерге тиімді және сапалы қол жеткізу, олардың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар  8 қоғамдық кеңес құрылып, жұмыс жоспары бекітіліп, кеңес мүшелерінің ұсыныстары назарға алынды.

Бетпе-бет келіп отырған қиындықтар партияның саяси тұғырнамасында көрініс тапқан құндылықтардың ерекше маңыздылығын тағы да растады. Бұлардың қатарында – Адам, Бостандық, Заң үстемдігі, Әділдік, Бірлік, Болашаққа нық қадам, Отбасы мен дәстүр секілді қастерлі ұғымдар бар. Осы ұғымдарды және  барша қазақстандықтардың мүддесін ескеру елдегі тұрақтылық пен бірліктің негізіне айналды. Осы ұғымдарды қастерлеу мақсатында партияның 7 жобасы (Кедергісіз келешек, Ардагерлерді ардақтайық, Бақытты отбасы, Жастар – Отанға, Құтты мекен, Халыққа көмек, Ұлттық мұра) бойынша қалалық мәслихат депутаттары, депутаттық фракция мүшелері тұрақты түрде  тұрмыс деңгейі төмен отбасы балаларына мектепке баруы үшін қайырымдылық көмек көрсетуде және көпбалалы аналарға, ардагерлерге, мұқтаж жандарға қаржылай, азық-түлік себеттерімен, гуманитарлық көмек қолын созуда. Жыл басынан «Nur Otan» партиясының қалалық филиалында 210 қабылдау өткізілді. Қабылдауға келген азаматтарға барынша жан жақты заңды кеңестер, қаржылай, азық-түлікпен демеушілік көмектер көрсетілді.

«Nur Otan» партиясының Талдықорған қалалық филиалы қаламызды экономикалық тұрақты қала, жайлы қала, әлеуметтік бағытталған қала, жастарға арналған қала, тарих пен мәдениетті дамыту, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз қала болып дамуына ықпал етіп, әрі қарай өз жұмысын жалғастыруда. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте! Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!

Аманжол ЖАЗЫҚБАЕВ,

«Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары,

Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты