"ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ" - ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНАН ӨТКЕН ҚҰНДЫ ЕҢБЕК

Уақыты: 06.12.2021
Оқылды: 1715
Бөлім: МІНБЕР

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы шықты.

Тәуелсіздік жылнамасы нақышына келтіріле сипатталып, саяси оқиғалар рет-ретімен баяндалған мазмұны бай мақалада еліміздің 30 жылдық тарихы толық баяндалған. Елбасы өз мақаласын өткен күннен алған тәжірибелерді бүгінгі заман талабына сай әрекет етуге шақыратын батыл қадамдарымен ұштастырады.

Мақаланың өн бойынан еліміздегі саяси реформалардың сараптамалары, ел экономикасының тұрақтануы жолында жасалған ауқымды істердің аясы көрінеді. Өткеннен өнеге алып, ертеңге үлкен мирас арқалаған, өскелең ұрпаққа берер мағынасы кең әрі мәнді жазылған мақала екі тілде де жарияланды.

«Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусымдағы жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты», - деп тәуелсіздіктің бастауында тұрған туған өлкесінің тың тарихынан дерек берген Елбасы тарихтың әр парағын асықпай ашып, сараптама жасап, біз білмеген тың деректермен бөліседі. Өзі куә болған егемендіктің алғашқы он жылдығындағы елдегі саяси оқиғалар реті шебер сипатталады.

Мақала қорытындысын Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тәуелсіздік осындай «тар жол, тайғақ кешулер» мен «соқтықпалы, соқпақты замандардан» аман өтіп, өзінің арналы жолын тапты», - деп түйінді ойымен тұжырымдап, жастарға серпін беретін жаңа бағытты көрсетеді.

Г.ТОЙЛЫБАЕВА,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі