ПАРТИЯ АТАУЫ НЕ ҮШІН ӨЗГЕРДІ? СЪЕЗДЕ ЕҢ НЕГІЗГІ БЕС СЕБЕП ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1612
Бөлім: МІНБЕР

Осы уақытқа дейін жергілікті халық пен биліктің арасында алтын көпір қызметін атқарып келген «Nur Otan» партиясы атауының «АМАНАТ» болып өзгеруін партияластар бір ауыздан қолдап, партия төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына қолдау танытты.

ХХІІ кезекті съезінде қағазбастылықтан арылу, қоғамдық кеңестер санын 5-ке түсіру, сайлауалды бағдарламада айтылған уәделерді орындау сынды мәселелер қарастырылды. Соған байланысты партия атының «АМАНАТ» аталуының бес себебі түсіндірілді.

Атап айтқанда, Тәуелсіз еліміз бен кең-байтақ жеріміз – ата-бабалардан қалған аманат екендігі, тамыры терең тарих, мәдениет пен әдебиет, тіл мен салт-дәстүріміз баршаның ортақ мұрасы, «аманатқа қиянат жасалмайтыны», сайлау кезінде айтылған азаматтардың талап-тілегі сайлауалды бағдарламаға аманат ретінде енгізілгені, бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеуметтік әлсіз топтардың мүддесін қорғайтын қоғам құруға ұмтылу, отбасы институтының беріктігіне, бала тәрбиесіне, ана мен бала құқығының қорғалуына баса назар аудару сынды мақсат-міндеттерді ұстану партияның негізгі бағытына айналады.

Осыған байланысты партия құрамының сапасы артып, жаңашыл мүшелерінің қатары көбейетініне сенім артамыз. Бұған дейін сапалық құрамды жақсарту мақсатында 1 миллионнан асқан мүшелердің саны 800 мыңға түсірілді. Осының өзі «АМАНАТ» партиясының халықпен қарым-қатынасты нығайтатынына дәлел болады деп білемін. Жалпы, Ұйғыр ауданында партияның 3 мың 800-ге жуық мүшесі, 20 бастауыш партия ұйымы бар. Партия мүшелері ауданның дамуына атсалысып, өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.

Мәулен НҰРОВ,

Ұйғыр аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Алматы облысы