ТАЛДЫҚОРҒАНДА "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Уақыты: 05.03.2022
Оқылды: 1895
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облыстық әкімдігінде «Аmanat»  партиясы активінің отырысы өтіп, партия Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ партияның кезектен тыс XXII съезінде алға қойған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мәселесі қаралды.

Саяси кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, партияның аудандық, қалалық филиалдарының төрағалары мен бірінші орынбасарлары, «Jas Otan» жастар қанаты, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды 38 адам тікелей, 115 адам онлайн форматта тыңдады.

Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі, партияның  облыстық  филиалының төрағасы Қанат Бозымбаев Парламент Мәжілісіндегі «Аmanat» партия фракциясының төрағасы Ерлан Қошановтың партия атауын «AMANAT» деп өзгерту туралы ұсынысын Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен съезд делегаттарының бірауыздан қолдағанын атап өтті. Осыған орай партияның кезектен тыс XXII съезінде алға қойған мақсаттар мен міндеттерді Жетісу жерінде іске асыру бойынша баяндама жасау үшін облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаеваға сөз берді.

ХХІІ съезде бекітілген партияның 7 басымдығына тоқталған баяндамашының айтуынша, халықпен кері байланысты нығайту үшін партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің саны қысқартылып, құрамы жаңартылады. Белсенділігі төмен бастауыш партия ұйымдары төрағаларын ауыстыру үшін жаңадан сайлау жүргізіліп, бастауыш партия ұйымдары ірілендіріледі. Партияның жұмысындағы ашықтық арттырылып, депутаттық фракция жиналысы, партия жанынан құрылған кеңестердің  отырыстары әлеуметтік желілерге жарияланады, депутаттар шалғай ауылдардағы сайлаушылар алдында есеп беріп, көшпелі отырыстар ұйымдастырылады. Партиялық бақылау күшейтіліп, аймақтық филиал төрағалары – аудан, қала әкімдерінің есебі тыңдалады. Саяси ұйымның бағдарламалық құжаттары қайта қаралып, партия Жарғысына өзгеріс енгізіледі. Сарапшылар мен белсенділердің ұсынысы жинақталады. «Jas Otan» жастар қанатының жұмысы жетілдіріліп, беделді жастарды ұйым қатарына алу, жаңа жобалар жүзеге асырылады.

Одан соң жарыссөзге шыққан партияның Саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан мен партияның облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Еркебұлан Ақболатов партияның жаңа атауындағы ерекшеліктерді, оның маңызын түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қанат Бозымбаев аумақтық партия филиалдары төрағаларына сайлаушылармен кері байланысты күшейтіп, қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалануды, алдағы 4-ші сәуірге дейін ірі бастауыш партия ұйымдарында қоғамдық қабылдау бөлмелерін ашуды, филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарына сайлаушылармен тікелей, жүйелі жұмыс жүргізу тәжірибесін енгізуді, ауыл әкімдері лауазымдарына партия атынан азаматтардың қолдауына ие болған лайықты кандидаттарды ұсыну жұмыстарын жалғастыруды, 15 наурызға дейін Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында әзірленген Жол картасының бөлімдерін қадағалауды Бюроның мүшелеріне, индикаторлардың орындалуын бақылауды Саяси кеңес мүшелеріне бекітуді тапсырып, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 15 наурызға дейін «Депутаттық рейтинг» ақпараттық жүйесіне мәліметтер енгізуді, диалог алаңдарын ұйымдастырып, қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді, тұрақты негізде әлеуметтік желілер мен алаңдарда қоғамдық талқылаулар өткізуді жүктеді.

Ал облыс әкімінің орынбасарларына, департамент, басқарма басшыларына және аудан, қала әкімдеріне биылғы 1 шілдеге дейін жоспарланған индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды