САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА ОРЫНДАЛЫП ЖАТЫР МА? ПАРТИЯ ЖИЫНЫ

Уақыты: 21.04.2022
Оқылды: 1827
Бөлім: МІНБЕР

Тіл сарайында Талдықорған қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшыларының қатысуымен «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының жиыны өтті. Онда партияның қала бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Фракция жетекшісі, партияның қалалық филиалының атқарушы хатшысы Аманжол Жазықбаев күн тәртібіндегі мәселені таныстырып, сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі «Жол картасының» жеті басым бағытын айта келе:

– «Жол картасында» бекітілген нысандар мен көрсеткіштерге тиімді және сапалы қол жеткізу, олардың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында былтыр депутаттық фракциясының 4, қоғамдық кеңестердің 44 отырысы өтті. Отырыста қоғамдық кеңестердің жұмыс жоспары бекітіліп, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және барынша ойластырылған шараларды іске асыру бойынша бақылау жұмыстары және 107 ұсыныс назарға алынып, тиісті құзіретті мекемелерге ұсыным хат жолданды, – деді.

Келесі кезекте партия аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев баяндама жасады.

– «Жол картасы» бойынша барлығы 71 іс-шараны іске асыру көзделген, олардың ішінде, 2021 жылы 50 іс-шараға 36,1  млрд.теңге қарастырылды. Жалпы 71 іс-шараның 42-сі орындалды, 25-нің мерзімі келген жоқ, 3-еуі 2022 жылға өтпелі, қазіргі уақытта орындалу барысында. Ал 1 іс-шара орындалған жоқ. Орындалмағаны - «Green Techology Partners» ЖШС жобасы. Инвесторда қаржының жоқ болуына байланысты жобаны жүзеге асыру тоқтатылды. Сайлауалды бағдарламада осы жобаның орнына қуаты жылына 20 млн.дана керамикалық, қаптауыш кірпіштер шығаратын «Jetysu ceramics» ЖШС жобасын алмастыру ұсынылып отыр, – деп жобаны 2022-2023 жылдары іске асыру арқылы жалпы құны 5,5 млрд.теңге көлемінде инвестиция тартылып, 67 жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты ұсыныстар айтылып, қатысушылар пікір алмасты. Сонымен қатар, қаулы қабылданып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы