Кез келген мемлекеттің экономикалық драйвері мұндағы қуат көзінің қолжетімділігі

Уақыты: 16.09.2024
Оқылды: 221
Бөлім: МІНБЕР

Бүгінде АЭС мәселесіне қатысты сұрақтар қоғамдық пікірде жиі сөз болады. Елімізде АЭС саласына қатысты мамандықтарда оқитын мамандар жеткілікті ме? Олар қай жерде тәжірибеден өтеді? Радиоактив қалдықтардан құтылудың жолы бар ма? Осы және өзге де сауалдарға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты халықаралық ядролық физика, жаңа материалдар мен нанотехнология кафедрасының постдокторанты, аға оқытушысы, PhD Бақытжан Оразбеков жауап берді.

 Қазақстанда АЭС салудың маңызы қандай?

– Үкіметтегі сарапшылардың айтуынша, елімізде электр энергиясы алдағы  10 жылдықта үлкен тапшылыққа ұшырайды дейді. Осының алдын алу мақсатында сенімді қуат көзінің бірі АЭС салу жақсы шешім екенін айтып отыр. Маман ретінде бұл оймен толықтай келісемін. Себебі кез келген мемлекеттің экономикалық драйвері мұндағы қуат көзінің қолжетімділігі екені сөзсіз. АЭС салу осы орайда оса маңызды деп есептеймін.

 Біздегі АЭС құрылысына қатысатын мамандар жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– АЭС құру – бір бөлек, ал оның жұмысын үздіксіз жүргізу – бір бөлек. Ал оны жабу – тіптен өзгеше ұзақ үдеріс. Білуімше, қазіргі таңда біздің таңдауымыз төрт мемлекеттен келіп отырған ұсыныстарға тіреліп тұр. Олар – Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Франция. АЭС құрылысы жүргізіліп жатқанда, біз өзіміздің тараптан тапсырушы мемлекет боламыз. Оның құрылысын жүргізбейміз, білуімше... АЭС құрылысына қатысатын мамандар бізде дайындалмайды. Бізге өзіміздің тараптан АЭС-тың жұмысын жүргізетін мамандарды дайындауға күш салуымыз қажет.

 Атом энергиясына қатысты мамандықта оқитын мамандар жыл сайын тәжірибеден қайдан өтеді? Жас мамандарды тәжірибелі деп айта аласыз ба?

– Атом энергиясына қатысты мамандар біздің университеттің қабырғасында да дайындалады. Атап айтсақ, физика және нанотехнология бағыттары бойынша оқыған докторанттар әлемнің кез келген зерттеу институтын немесе мекемесін өздері таңдап, тәжірибеден өте алады. Мысалы, бір докторант АЭС-те қолданылатын материалдарды сынақ жасайтын тәжірибелерін Алматыдағы Ядролық физика институтында, яғни реакторда жүргізе алады. Бұл – зерттеу жұмыстарына арналған кішігірім реактор. Сонымен қатар университетімізге тиесілі салааралық ғылыми-зерттеу кешеніндегі ауыр иондардың үдеткішін қолданып, өз тәжірибесін жүзеге асыра алады. Осындай тақырыптарды жетік меңгерген мамандар, әрине, тәжірибелі екеніне сенім білдіре аламын.

 Осы жерде тағы бір нәрсені сұрай кетейін. Бізде «Ядролық физика» мамандығына түсетін балдың деңгейі төмен. Неге? Демек, бұл салада қызығушылық аз немесе сұраныс жоқ дегенді білдірмей ме?

– Біздің университетімізде ядролық физика мамандығына өтетін балдың төмен болу себебін былай түсіндіруге болады. Демек, біздің университеттің жас мамандарды қабылдау қуаты жеткілікті деңгейде деген сөз. Жалпы, біздің мамандықта ақылы оқып жатқан және шетелден келіп оқып жатқан студенттер баршылық. Осының негізінде, ядролық физика әлі де өз қызығушылығын жоғалта қоймағанының айқын көрсеткіші деуге болады.  

– АЭС құрылысында ең қауіптісі  радиоактив қалдықтар. Оны утилизация жасап, ұзақ мерзімге сақтау үшін не істеу керек? Жалпы, әлемде оны сақтайтын тәжірибе жоқ қой?

– Қайта қолдануға болатын технологиялар бар. Оның бірақ пайдалы әсері таза өнімді қолданғаннан гөрі азырақ болуы мүмкін. Радиоактив зат ғасырларға жуық сәулеленуін тоқтатпауы мүмкін. Сондықтан қайта қолданудан бөлек, оны көмуден басқа еш нәрсе істей алмайсыз. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, радиоактив қалдықтарды жер қойнауына көмуге болады, мұхит түбіне батыру да қарастырылған. Тіпті, зиянды қалдықтарды ғарышқа шығарып тастайтын жобалар да баршылық.

 Атом энергиясын бір тарап «жасыл энергия» десе, екінші тарап оның «жасыл энергия» екеніне күмәнмен қарайды. Мұндай қарама-қайшылық неден туындап отыр?

– «Жасыл энергия» деп қоршаған ортаға зияны тимейтін энергия көзін айтады. АЭС басқа қуат өндіретін стансамын салыстырғанда, көміртек қалдықтарын атмосфераға бөлмейді. Осы себепті АЭС-ті «жасыл энергия көзі» десек болады. Алайда оның радиоактив қалдықтары бар екенін де ұмытпау қажет. Мүмкін осы жағы үлкен күмән тудырып жатқан болар. Менің ойымша, егер қауіпсіздік шараларын сақтау туралы жиі  айтылса және қалдықтарды тиісті деңгейде өңделетіні туралы көбірек айтылса, күмән сейіледі деп ойлаймын.

 АЭС-тің жобасында оны салудан бөлек, істен шығару процесі де қарастырылады. Келешекте АЭС салынып, кейін істен шығарған күннің өзінде зияны тым көп болмай ма?

– Маңғыстау облысында Кеңес үкіметі заманынан қалған жылдам нейтрондардың негізінде жұмыс істейтін реактор болған. Қазіргі таңда оның жабылуынан жапа шегіп жатқан жоқпыз. Тура осы секілді жаңадан АЭС салынып, іске қосылып, кейін оны істен шығаратын болсақ, ол қалыпты үдеріске айналады. Өзінің жеке технологиясы бар әрі одан қорқатындай еш мәселе жоқ.

 Уақыт бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге көп рақмет!

 

Редакциядан: Материал танымдық мақсатта aikyn.kz сайтынан тақырыбы өзгертіліп алынды. 

Фото: freepik