Депутат қабылдау өткізді

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1379
Бөлім: МІНБЕР

Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Аубакиров «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалының кеңсесінде өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайылов пен ақпарат құралдарының өңірдегі тілшілері қатысты.

Қабылдауға алдын ала жазылғандардың алғашқысы Жаркент қаласының тұрғыны, зейнеткер Саниям Назирова 33 жастағы қызы Гүлбахрам Розиеваның күйеуі қайтыс болғалы бері жүрек ауруына шалдыққанын, қазір қаладағы «Қашқар» мейрамханасында даяшы болып жұмыс істейтінін, алайда табысы төрт ұлын бағуға жетпейтінін айтып, қыстан әзер шыққан отбасына депутаттан материалдық көмек көрсетуін сұрай келіпті. Алдына келген ананың жағдайын түсінген Мұрат Аубакиров сол жерде қалтасынан 30 мың теңге ақшасын шығарып, қарт ананың қолына ұстатып, бірер айдан соң үйіне ағаш отын түсіріп беруге уәде етті. Келесі кезекте депутат қабылдауына келген Жаркент қаласының тұрғыны Бағдагүл Дабанова да отбасына қаржылай қолдау сұрай келіпті. Алды мектепте оқитын, соңғысы сегіз айлық жеті баланың анасы   4 бөлмелі үйі барын, алайда баспанасы саздау жерге орналасқандықтан қыстай іргесі ылғалданып, екі бөлмеде қысылып-қымтырылып күн кешкенін айтып, халық қалаулысына мұңын шақты. Күйеуі Бауыржан Тойшыбеков басынан ауыр жарақат алғандықтан жұмысқа жарамайтын көрінеді. Өзі жүрек талмасына шалдыққан. Апатты жағдайда тұрған үйіне жөндеу жұмыстарын жасауға көмек көрсетуін сұрады. Депутат алдына көмек сұрай келген «Күміс алқалы» анаға да ақша беріп, оған да отынмен көмек көрсетуге және сегіз айлық кіші баласы жасқа толғанда «Алтын алқа» алатынын, сол қуанышына құтты болсын айта барып, тағы қаржылай көмек көрсететінін білдіріп, шығарып салды.
Нағарашы ауылында тұратын Маметтохтаевтар отбасының жағдайы тіпті аянышты. Бір үйде психикалық сырқат төрт жанмен бірге 23 адам тұрып жатқанын айта келген Ғұншам Амуруллақызы тұрғын үй алу кезегін алға жылжытуға ықпал етуін сұрады. Тиісті құзырлы орындармен телефон арқылы тілдескен депутат қабылдауға келген жанның бұл өтінішін орындау мүмкін еместігін ескертті. Сырқат сіңлілері мен жиендеріне қамқоршылық жасап жүрген Ғұншамның қолына қырық мың теңге ұстатып, отбасына отын түсіріп беруге уәде берді. Арыз-шағыммен келген жандардың бәрінің қолын құр қайтармай қаржымен көмек көрсеткен кәсіпкер, бұдан кейін Көктал кентіне келіп, Абай атындағы қазақ орта мектебінің жиынжайында округ тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмайылов залға жиналған ауыл тұрғындарына Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы 10 маңызды міндеттерді, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі және «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық дамудың жаңа жобалары жөнінде жан-жақты баяндады. Келесі кезекте сөз тізгінін қолға алған облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Амангелдіұлы ел дамуындағы жүргізіліп отырған саяси бағыттары мен кәсіпкерлікті қолдау, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша жергілікті халыққа жеңілдетілген несиелер беру, баспана алуға жеңілдіктер жасау, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру бағытында атқарылып жатқан басқа да жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар залдан өзіне қойылған сауалдарға жауап берді. Көктал ауылдық Мәдениет үйінің директоры Айгерім Балғынбекова отбасының тұрмыс жағдайы нашар, өнерге бейім балаларға бірнеше домбыра, сазсырнай, тағы басқа да музыкалық аспаптар алып беруге көмектесуін өтінді. Бұл өтінішті орындауға уәде берген депутат Абай атындағы мектеп директоры Гүлнар Қойжаярованың мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты өтінішіне облыс басшыларына депутаттық сауал жолдайтынын айтып, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынған көне мектеп ұжымының үмітін үкіледі.
Осындай кездесуді Айдарлы ауылдық округіндегі мың гектардан астам жерге жеміс ағаштарын өсіріп отырған «Жаркент-фрукт» ЖШС ұжымымен де өткізіп, депутат бағбандардың еңбек жағдайымен танысты.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов  ауданы