Киелі мекенді аралады

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1587
Бөлім: МІНБЕР

Қасиетті Қаратал әулиелер мекеніне  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Байділдә Жылқышиев, Марат Бопазов және Омархан Өксікбаев келді. Құрметті қонақтарды киелі топырақта мекен ететін ел-жұрттың тыныс-тіршілігімен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасарлары Гүлнәр Тойлыбаева мен Серік Нұрқадыров таныстырып, жол бастап жүрді.

Өңір экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан жақсы дамыған. Қаратал ауданы облыс орталығы Талдықорған қаласына жақын орналасқандықтан сауда-саттық та көңіл көншітерлік. Ауылшаруашылық дақылдары да көптеп өсіріледі. Қаратал – күріш шаруашылығымен тыңғылықты айналысып келе жатқан өңір. Сондықтан аудан жұрты  еңбектің «қазанында қайнауда». Келген қонақтарға Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Жандос Теңелбаев бірқатар нысандардың жұмысымен таныстырды. 
Халық қалаулылары  алдымен ат басын мүмкіндігі шектеулі балалардың күндізгі  болу  орталығына бұрды. Мұнда олар балалардың ойын залдары және жатын орындарын көрді. Орталықтың жай-күйімен «Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығының  директоры Ирина Байғазақова таныстырды. Орталықта әлеуметтік көмекті қажет ететін балалардың денсаулығын түзетуге арналған  тренажерлі зал және жүзу бассейні бар. Елімізде қоғамның әрбір мүшесінің толыққанды өмір сүруіне, оқуына, жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған. Қараталдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта да осы жайттардың барлығы сақталғанына халық қалаулылары тәнті болды. Облысымызда тұрғын үй бағдарламасы жүйелі жүзеге асып келеді.  Киелі мекен Үштөбе  қаласында да құрылыс қарқын алған.  Бүгінде мұнда 60 пәтерлі жалгерлік үй салынуда. Депутаттар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан осы үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайымен танысуды көздеген делегаттар бұдан кейін өңірдің намысын қорғап жүрген спортшылардың жаттығу орындарын көрді. Спорттық кешеннің заманауи құрылғылары, жаттығу залдары қонақтарды тәнті етті. 
Сапар соңында халық қалаулылары Үштөбе локомотив депосына барды. Мұнда олар  теміржолшылармен кездесіп, вагондарды жолға шығаруға дайындаудың мүмкіндігімен танысты. Аудан тұрғындарының хал-ахуалы, өңірдің экономикалық дамуы келген қонақтардың көңілінен шықты.

Гүлжан ТҰРСЫН