Әлеуметтік мәселелер көтерілді

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1344
Бөлім: МІНБЕР

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Бопазов пен Байділда Жылқышиев Көктерек, Лепсі ауылдарында болып, жұртшылықпен жүздесті. Өңірге келген құрметті қонақтарды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков,  аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов бастап жүрді.
Ауданның шалғай елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесу жиынын аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков ашып, өңірдің өзгерістерін кіріспе сөзіне арқау етіп, ел ішіндегі жайдарман жаңалықтармен бөлісті. Депутаттар Елбасын Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің орындалу барысына тоқталып, маңыздылығын атап көрсетті. Кездесу үстінде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, депутаттардың жұмыс сапары ауыл тұрғындарының талап-тілектерімен, ыстық лебіздерімен қорытындыланды.  
Ауылдардағы интернет желісін қосу, күшейту, Қызылқайың – Лепсі жол күйін жақсарту, Лепсідегі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Көктерек фельдшерлік пунктіне дәрігердің қажеттілігі, пошта байланыс торабы жұмысшыларының еңбекақысының төмендігі тұрғындардың сөздеріне арқау болды. Халық қалаулылары сол күні Лепсі ауылындағы Мұқан Төлебаев музейіне ат басын бұрды. Музейді аралап көріп, қазақ музыка өнерінің дара тұлғасы жайындағы мағлұматтарын кеңейте түсті.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы